НҰР-СҰЛТАН, 9 сәуір – Sputnik. Айлық есептік көрсеткіштің өзгергеніне қарамастан бірыңғай жиынтық төлемінің мөлшері сол күйінде қалды. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
"Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 42 500 теңге алу үшін өтініш бермей тұрып, бірыңғай жиынтық төлемін төлеуі тиіс. БЖТ мөлшері қала үшін 1 АЕК-ке, ал ауылдарда 0,5 АЕК-ке тең. Яғни, тиісінше 2 651 теңге және 1 325 теңге", - деп мәлімдеді министрліктен.
Кейбір банктің қосымшасында сәуірден айлық есептік көрсеткіштің 2 651 теңгеден 2 778 теңгеге дейін өсуіне байланысты БЖТ-ның жаңа мөлшері көрсетілген. Бұл қате.
Қаржы министрлігі осыған қатысты түсініктеме берді.
"БЖТ мөлшері өзгермейді. Өйткені Салық кодексінің 775-бабына сәйкес, бірыңғай жиынтық төлемін есептеу және төлеу тәртібі тиісті қаржы жылының 1 қаңтарындағы айлық есептік көрсеткіштің мөлшерін есепке алып белгіленеді", - деді ведомстводан.
БЖТ деген не
БЖТ құрамына төрт бірдей төлем кіреді:
- жеке табыс салығы
- міндетті зейнетақы жарнасы
- әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна
- мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына аударымдар
БЖТ төлеген азамат мына мүмкіндіктерге ие болады:
- жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу, базалық зейнетақы алу
- міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысу
- әлеуметтік төлемдер алу
42 500 теңгені кімдер алады
Төтенше жағдайға байланысты кірісінен айырылған азаматтар ең төменгі жалақы мөлшерінде жәрдемақы алады. Бұл санатқа өзін-өзі жұмыспен қамтыған қазақстандықтар да кіреді.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда паспорт пен жүргізуші куәлігін алу қымбаттады
Әлеуметтік төлем бір рет тағайындалады, бірақ төтенше жағдай аяқталғанға дейін төленеді.
- шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалысқа шыққан қызметкерлері;
- карантин жарияланған елді мекендердегі ірі кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалысқа шыққан қызметкерлері;
- мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, коммерциялық емес заңды тұлғалардың жалақысы сақталмайтын демалыстағы жұмысшылары;
- жеке кәсіпкерлер;
- жеке тәжірибемен айналысатын адамдар (нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор);
- бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер;
- азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша табыс табатын, міндетті зейнетақы жарналары аударылған адамдар.
Әлеуметтік төлемге өтінішті eGov порталы, 42500.enbek.kz веб-сайты және https://t.me/Help42500Bot бойынша Telegram-бот арқылы беруге болады.