НҰР-СҰЛТАН, 5 сәуір - Sputnik. 7 сәуірден бастап Қарағанды облысы карантинге жабылады. Бұл туралы өңірдегі тауар мен қызмет сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің жетекшісі Қанат Асқаров хабарлады.
7 сәуір сағат 00.00-ден бастап өңірге кіріп-шығу шектеледі.
Қарағанды, Абай, Саран, Шахтинск және Теміртауда карантиннің ерекше тәртібі болатыны хабарланып отыр.
Тұрғындар жұмысқа, азық-түлік дүкеніне, аса қажеттілік болған жағдайда медициналық мекемелерге, үйден 500 метр радиусқа үй жануарларымен шығуға және банк операцияларын жасауға ғана шыға алады.
Тағы оқыңыз: "Бастығыңыз біледі, төменге түсіңіз деді" – карантинге жатқызылған еріктілердің әңгімесі
Карантиннің ерекше тәртібі енгізілген аумақта барлық ұйымдардың жұмысы тоқтатылған. Тек қала тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдар ғана қызметін жалғастырады.
Кәсіпорындарға қызметкерлер қызмет көлігімен жеткізілуі тиіс.
Сондай-ақ, облысаралық, қалааралық, ауданаралық және қалалық жолаушылар тасымалы тоқтайды.
Соңғы мәліметке сәйкес, облыста 31 адам коронавирус жұқтырған. Қазақстан бойынша барлығы 569 адам.