НҰР-СҰЛТАН, 9 наурыз — Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің және мемлекет басшысына тікелей бағынышты органдардың жетекшілерімен кеңес өткізді.
Кеңесте әлемдегі қаржылық-экономикалық ахуал және оның Қазақстан экономикасына әсері жөнінде мәселелер талқыланды, деп хабарлайды Ақорда.
Президент үкіметке, ұлттық банкке және басқа да мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді. Басты тапсырма – мемлекеттің халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерін толық көлемде орындау.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша премьер-министрдің тікелей басшылығымен шұғыл әрекет ету штабы құрылды. Дағдарысқа қарсы іс-қимылдар жоспары әзірленеді, ірі кәсіпорындарда халықты жұмыспен қамтуға қолдау көрсету жөнінде арнайы жоспар дайындалады. Президент халықты мүмкіндігінше көбірек жұмыспен қамту мәселесін аса маңызды деп санайды.
Үкімет 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау жөнінде ұсыныс енгізеді.
Мемлекет басшысы бюджет шығындарын қысқарту, өңірлерде халықты жұмыспен қамтамасыз ету, еліміздің қаржы-валюталық нарығын тұрақтандыру, республикалық және жергілікті бюджеттерді оңтайландыру бойынша шаралар қабылдау қажеттігін айтты.
Мұнай бағасы құлдырады
Айта кетсек, Қазақстанның валюта айырбастау пунктерінде доллар күрт қымбаттап кетті. Доллардың қымбаттауы мұнай бағасының құлдырауымен байланысты болуы мүмкін.
Өткен аптада Ресей ОПЕК+ келісімінен шыққаннан кейін әлемдік нарықта баға төрттен бірге төмендеді.
9 наурыздағы жағдай бойынша Brent маркалы мұнай 25,2%-ке, барреліне 33,86 долларға дейін арзандады. Сауда-саттық барысында мұнай бағасының көрсеткіші минимумды жаңалады, ең төмен баға 2016 жылдың 12 қаңтарында тіркелген еді. Ол кезде "қара алтын" құны барреліне 31,38 долларға дейін түсті.