НҰР-СҰЛТАН, 9 наурыз — Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің және мемлекет басшысына тікелей бағынышты органдардың жетекшілерімен кеңес өткізді.
Кеңесте әлемдегі қаржылық-экономикалық ахуал және оның Қазақстан экономикасына әсері жөнінде мәселелер талқыланды, деп хабарлайды Ақорда.
Президент үкіметке, ұлттық банкке және басқа да мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді. Басты тапсырма – мемлекеттің халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерін толық көлемде орындау.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша премьер-министрдің тікелей басшылығымен шұғыл әрекет ету штабы құрылды. Дағдарысқа қарсы іс-қимылдар жоспары әзірленеді, ірі кәсіпорындарда халықты жұмыспен қамтуға қолдау көрсету жөнінде арнайы жоспар дайындалады. Президент халықты мүмкіндігінше көбірек жұмыспен қамту мәселесін аса маңызды деп санайды.
Үкімет 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау жөнінде ұсыныс енгізеді.
Мемлекет басшысы бюджет шығындарын қысқарту, өңірлерде халықты жұмыспен қамтамасыз ету, еліміздің қаржы-валюталық нарығын тұрақтандыру, республикалық және жергілікті бюджеттерді оңтайландыру бойынша шаралар қабылдау қажеттігін айтты.
Әлемдегі экономикалық ахуалдың күрделенуіне байланысты дағдарысқа қарсы іс-қимылдар жоспарын әзірлеу үшін Премьер-Министр басқаратын Шұғыл әрекет ету штабын құруды тапсырдым. Мемлекет өзінің барлық міндеттемелерін толық орындайды. Қосымша жұмыс орындары ашылады. pic.twitter.com/rEqTrI8mYi
— Qasym-Jomart Toqayev (@TokayevKZ) March 9, 2020
Мұнай бағасы құлдырады
Айта кетсек, Қазақстанның валюта айырбастау пунктерінде доллар күрт қымбаттап кетті. Доллардың қымбаттауы мұнай бағасының құлдырауымен байланысты болуы мүмкін.
Өткен аптада Ресей ОПЕК+ келісімінен шыққаннан кейін әлемдік нарықта баға төрттен бірге төмендеді.
9 наурыздағы жағдай бойынша Brent маркалы мұнай 25,2%-ке, барреліне 33,86 долларға дейін арзандады. Сауда-саттық барысында мұнай бағасының көрсеткіші минимумды жаңалады, ең төмен баға 2016 жылдың 12 қаңтарында тіркелген еді. Ол кезде "қара алтын" құны барреліне 31,38 долларға дейін түсті.