НҰР-СҰЛТАН, 6 қаңтар – Sputnik. Жол ережесін бұзған барлық жүргізуші анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы астаналық полиция департаменті хабарлады.
Елордадағы кортеждің құрамында болған KIA көлігінің жүргізушісі Ташбулатхон Мубараков видеоүндеу арқылы қала тұрғындарынан кешірім сұрады.
"Құрметті, қала тұрғындары, жасаған әрекетіме қатты өкінемін. Ағат қылығым үшін сіздерден кешірім сұраймын. Өз әрекетіме жауап беруге дайынмын", - деді.
Полиция департаменті кортеж жүргізушілері заңды бұзғанын атап өтті.
"5 қаңтарда қара KIA көлігінің жүргізушісі Тұран даңғылында жолды жауып тастаған. Осылайша, ол "Хан шатыр" ойын сауық орталығында автомобиль тұрағынан 15 көліктің жолға кедергісіз шығуына жағдай жасаған. Видео Instagram әлеуметтік желісіндегі astana_sergek парақшасында жарияланды", - делінген хабараламада.
"Қазіргі таңда тәртіп сақшылары ҚР әкімшілік кодексінің 614-бабының 1-бөлігі ("көлiктің жүруіне кедергi келтіру"), 590-бабының 5,10-бөлігі ("көлiкті пайдалану қағидаларын бұзу") бойынша барлық 15 құқықбұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның арасында 1992 жылы туған KIA көлігінің жүргізушісі, Қазақстан азаматы Мубараков Ташбулатхон Марифхажанович та бар", - делінген хабарламада.
Тағы оқыңыз: Мемлекет басшысының жаңа жылдық құттықтауын бөлген депутат кешірім сұрады
Ол жол ережесін бұзғаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Мұны "Сергек" камералары тіркеген.
Бүгінде кортежде болған көліктер коммуналды көлік тұрағына қойылды.