Қоғам

Денесімен қорғаған: Ұшақ апаты кезінде жігіт аяғы ауыр әйелді құтқарып қалған

Құтқарылған әйелдің туыстары тілшіден Темірлан Қадауов есімді жас жігіттің ерлігі жайлы халыққа айтып беруді өтінген екен
Sputnik

АЛМАТЫ, 29 желтоқсан — Sputnik. Алматы маңында апатқа ұшыраған ұшақ жолаушысы Темірлан Қадауов аяғы ауыр Гүлім Ақышева деген келіншекке көмектесіпті. Жігіт апат болғанда оны өз денесімен жауып, қорғап қалған. Одан кейін сыртқа алып шыққан. Гүлім Ақышева жүктіліктің бесінші айында екен.

Жүректі елжіретер оқиғаны журналист Әсем Жәпішева Facebook-тегі парағында баяндады. Оның айтуынша, бұндай өтінішті Гүлімнің туыстары білдіріпті.

Денесімен қорғаған: Ұшақ апаты кезінде жігіт аяғы ауыр әйелді құтқарып қалған

Гүлім Ақышева сол күні Алматыдан астанаға жолға шыққан. Қасындағы орында Темірлан Қадауов отырған. Жігіт апат кезінде келіншекті денесімен қорғап қалған, одан кейін ұшақтан шығуға көмектескен. Ол Гүлімді қауіпсіз жерге апарып тастаған соң қалған жолаушыларға көмектесуге кіріскен. 

Әйелдің туған-туыстары Темірлан мен оның ата-анасына үлкен алғыс білдірді.

"Темірлан – басқаларға үлгі болатындай нағыз еркек. Ол өз жарақатына қарамастан батылдық танытты», - деді аяғы ауыр келіншектің туыстары.

Еске салсақ, 27 желтоқсанда Алматы - Нұр-Сұлтан бағытындағы Bek Air әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшырады. Оқиға салдарынан 12 көз жұмып, бірнеше адам ауруханаға түсті.