Экономика

Тоқаев экономиканың негізгі жетістіктерін тізіп берді

Қасым-Жомарт Тоқаев "Алтын сапа", "Қазақстанның үздік тауары", "Парыз" байқауларының жеңімпаздарын марапаттады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 13 желтоқсан – Sputnik. Салтанатты шара кезінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық экономиканың жетістіктеріне тоқталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Президенттің айтуынша, бүгінде Қазақстанда шығарылған өнімдер 120 елге тасымалданады. Негізгі арналар – Орталық Азия, Еуразиялық экономикалық одақ, Қытай мен Еуропалық одақ. Ал үкіметтің есебіне сәйкес, соңғы 8 жылдың ішінде экспортқа 85 жаңа тауар түрлері шығарыла бастады.

"Біздің борышымыз": Тоқаев Назарбаевтың еңбегін құрметтеуге шақырды
"Металлургияда дайын өнімдер шығарылады. Рельстер, арқандар, радиаторлар және басқа да көптеген тауарлар бар. Алюминийді өңдеу саласы күшейе түсті. Бұған дейін шығарылмаған өнімдерді жасау кәсібі игерілді. Соның ішінде титан құймалары мен қорытпалары бар. Автомобиль өндірісі үшін қажетті жағдай жасалды. Соның арқасында өнім өндіру көрсеткіші 8 есеге өсті. 2010 жылы Қазақстанда 4 000 көлік шығарылса, биыл он айдың ішінде осы көрсеткіш 38 000 көліктен асты. Бүгінде сатылған әрбір екінші көлік - отандық кәсіпорынның өнімі", - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, отандық электртехникалық құрал-жабдықтардың өндірісі жолға қойылды. Химия саласында жаңа өндірістер ашылды.

"Бұдан бөлек, маңызды әрі өзекті бағыттардың бірі – Индустрия 4.0-ді дамыту. Бүгінде осы салада кәсіпорындарды цифрландыруға арналған пилоттық жобалар қолға алынды. Жалпы, 7 цифрлық фабрика бар. 2025 жылға дейін үкімет өңдеу саласында цифрлық технологияларды енгізген ірі және орта кәсіпорындардың санын 200-ге дейін жеткізуі шарт. Әрине, бұл оңай міндет емес. Дегенмен, оны іске асыруға болады деп ойлаймын. Соның арқасында толығымен автоматизация мен роботизацияға көшеміз", - деп атап көрсетті Тоқаев.

"Индустрияландыру нәтижесінде өңдеу саласындағы өнім өндіру көлемі 3 есеге артты. Осы салаға 34 миллиард АҚШ долларынан астам тікелей шетелдік инвестициялар тартылды. Ал дәл осы сектордың экспорты үштен бір бөлікке өсіп, 165 миллиард долларды құрады", - дейді Тоқаев.

Айта кетейік, бүгін "Алтын сападан" бөлек, "Қазақстанның үздік тауары" республикалық көрме-байқауы, "Парыз" бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша жыл сайынғы республикалық байқауы, "ALTYN OIMAQ" дизайнерлердің ұлттық байқауы, сондай-ақ, "Бизнес Кемелділік", "Іскер" мен "Ұлы дала елі" байқауларының жеңімпаздары марапатталды.