НҰР-СҰЛТАН, 13 желтоқсан – Sputnik. Салтанатты шара кезінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық экономиканың жетістіктеріне тоқталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Президенттің айтуынша, бүгінде Қазақстанда шығарылған өнімдер 120 елге тасымалданады. Негізгі арналар – Орталық Азия, Еуразиялық экономикалық одақ, Қытай мен Еуропалық одақ. Ал үкіметтің есебіне сәйкес, соңғы 8 жылдың ішінде экспортқа 85 жаңа тауар түрлері шығарыла бастады.
Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, отандық электртехникалық құрал-жабдықтардың өндірісі жолға қойылды. Химия саласында жаңа өндірістер ашылды.
"Бұдан бөлек, маңызды әрі өзекті бағыттардың бірі – Индустрия 4.0-ді дамыту. Бүгінде осы салада кәсіпорындарды цифрландыруға арналған пилоттық жобалар қолға алынды. Жалпы, 7 цифрлық фабрика бар. 2025 жылға дейін үкімет өңдеу саласында цифрлық технологияларды енгізген ірі және орта кәсіпорындардың санын 200-ге дейін жеткізуі шарт. Әрине, бұл оңай міндет емес. Дегенмен, оны іске асыруға болады деп ойлаймын. Соның арқасында толығымен автоматизация мен роботизацияға көшеміз", - деп атап көрсетті Тоқаев.
"Индустрияландыру нәтижесінде өңдеу саласындағы өнім өндіру көлемі 3 есеге артты. Осы салаға 34 миллиард АҚШ долларынан астам тікелей шетелдік инвестициялар тартылды. Ал дәл осы сектордың экспорты үштен бір бөлікке өсіп, 165 миллиард долларды құрады", - дейді Тоқаев.
Айта кетейік, бүгін "Алтын сападан" бөлек, "Қазақстанның үздік тауары" республикалық көрме-байқауы, "Парыз" бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша жыл сайынғы республикалық байқауы, "ALTYN OIMAQ" дизайнерлердің ұлттық байқауы, сондай-ақ, "Бизнес Кемелділік", "Іскер" мен "Ұлы дала елі" байқауларының жеңімпаздары марапатталды.