Аян Өтепбергенмен сұхбат: актер неге өкінетіні, кемшілігі және отбасы туралы айтты

Күні кеше "Дарын" жастар сыйлығының иегері атанған театр және кино актері Аян Өтепберген алғаш рет отбасы мен табысты шығармашылық жобалары туралы әңгімеледі
Sputnik

АЛМАТЫ, 3 желтоқсан — Sputnik, Томирис Сағындық. Қараша айында бірнеше тың туындыда басты рөлді сомдаған өнер иесі мұның астарында еңбек пен маңдай тердің жатқанын айтты.

31 қазан күні Аян Өтепберген басты рөлді сомдаған "Айналар" ("Зеркала") туындысы қазақстандық кинотеатрлардан көрсетіліп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

"Біреудің қайғысына тұз сепкіміз келген жоқ"

"Бастапқыда фильм Денис Теннің жағынан түсірілгенін іштей қаладым. Қазір олай болмағанының дұрыстығына көз жеткізіп отырмын. Көбінесе фильмнің табысты болғаны, ұнағаны туралы айтты деп жатырсыз. Бірақ жағымсыз сындардың да болғанын жасыру қажет емес деп ойлаймын. Рас, "Ұятсыздар! Денис Теннің жағдайы арқылы ақшаға кенеліп жатырсыңдар" деп жазғандар бар. Әркім пікір білдіруге құқылы болғандықтан, кез келген адамның жеке ойын сыйлаймын. Мақсатымыз — біреудің қайғысына тұз себу емес, қоғамдағы Денис Тенмен болған оқиға, Нұр-Сұлтандағы Әліби тақырыбы сынды өзекті проблемаларды айшықтау. Жалпы көрермен қауымға ұнап жатқанына қуаныштымын", — деді Аян Өтепберген Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.  

Шаршап-шалдыққанда, демалғысы келгенде айналысатын хоббилері бар. Ол — ән айту, әуен жазу, сурет салу, балық аулау және кітап оқу.

"Бірақ, шыны керек, соңғы уақытта кітап оқуға көп көңіл бөле алмай жүрмін. Бала күнімде ауыл кітапханасынан кітаптар алып, соларды жата-жастана оқитынмын. Ол уақытта ауылда кешкі сағат ондар кезінде жарық сөніп қалады. Сонда шырақданды алып оқып жатсам, жасы үлкендер "Көзің қыли болатын болды" деп ұрысатын. Жуырда Семей қаласына гастрольдік сапармен барып, "Абай" қойылымын қойып қайттық. Енді "Абай жолын" тағы бір мәрте оқып шыққым келіп жүр", — деді актер.

Актердің ең үлкен арманы қандай?

Аян Өтепбергеннің басты армандарының бірі — голливудтық фильмге түсу. Өйткені, кино шеберлерінің барлығы сол жақта. Өзге жандар секілді актер арман-мақсаттары туралы орындалғанша айтқанды жөн көрмейді.

"Бір жағынан "Не үшін голливудтық фильмдерге түсуіміз керек?" деп ойлаймын. Бірақ көкейімде осындай арманның бары жасырын емес. Ол жаққа кімнің барғысы келмейді? Қазір ақырындап тіл үйреніп, дайындалып жатырмын. Етікші өз етігін тіге алмайды демекші, анамнан ағылшын тілінен сабақ алып көрмеппін (Актердің анасы ағылшын тілі пәнінің мұғалімі - Sputnik). Алайда қанда бар болған соң,  курсқа барып, тез үйреніп алдым", — деп күлді ол.

Аян Өтепбергенмен сұхбат: актер неге өкінетіні, кемшілігі және отбасы туралы айтты

Сондай-ақ, өнер иесі алғаш рет отбасы туралы сөз қозғады. Осы күнге дейін жанына жақын адамдар туралы еш жерде айтпаған-ды. Бұған жеке өмірі мен жеке кеңістігін халыққа жария етуді ұнатпауы себеп.

Актер Алматы қаласында дүниеге келсе де, балалық шағы Тараз бен Шымкент қалаларында өткен.

"Алматыда үшінші ұрпағына дейін тұрмаған адамдар өзін "алматылықпын" деп айта алмайды. Бірақ бәрібір Алматыны мендей жақсы көретін адам жоқ шығар. Өзіме отбасым, ал халыққа өнерім тиесілі. Отбасым туралы Sputnik Қазақстан оқырмандарына бірінші рет айтып тұрмын десем, өтірік емес болар. Әкем Тараз қаласындағы СХИ-ды тәмамдаған. Дәл қазір өзінің механик мамандығы бойынша Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрында жұмыс істейді.

Ал анам Таразда өзім білім алған №8 гимназияда ағылшын тілінің мұғалімі болды. Бүгінде ұлттық киімдер тігетін компанияда менеджер қызметін атқарады. 1987 жылғы әпкем тұрмыс құрған, екі ұлы және бір қызы бар. Өзімнен кейінгі қарындасым Аружан Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде "Туризм" саласы бойынша білім алып жатыр. Қазір барлығымыз Алматы қаласында тұрып жатырмыз", — деді Аян Өтепберген.

Актердің айтуынша, басқа салада жүргеніне қарамастан, қарындасы өте өнерлі. Кез келген іске икемі бар. Осы орайда, ол отбасындағы қыздарға ерекше еркелейтінін де жасырмады.

Өзінің таныстары көп болғанымен, ашылып сыр шертісетін жан достары санаулы. Ең бастысы — осы санаулы жандары өзін сөзсіз түсініп, керек сәтте жанынан табылады.

Аян Өтепбергенмен сұхбат: актер неге өкінетіні, кемшілігі және отбасы туралы айтты

"Ең үлкен кемшілігім — қызуқандылығым"

Сұхбат барысында актер "Қазақ хандығы" телехикаясында серік болған тұлпарын еске алды. Өкінішке қарай, бүгіндері бұл атты көруге мүмкіндігі жоқ.

"Ол басында Керейдің аты болды. Жәнібектің де аты айғыр болып, екеуінің басы бір қазанда піспеді. Түсірілім барысында екеуі кісінісе берді. Ақыры менің момындау атымды Керейге беріп, бұл тұлпар мен сомдаған Бұрындық сұлтанға бұйырды. Багаж жанына адам жолап кетсе, қызарып, жындана бастайтын. Қаншама көліктің есігін сындырып кеткен еді. Ол туралы бір кітап жазуға болатын шығар. Бір шетінен Бұрындық — менің ең сүйікті кейіпкерлерімнің бірі. Яғни кейіпкеріме дәл осындай асау ат жараса түскендей", — деді ол.

Қызуқандылық серік болған тұлпарында ғана емес, өзінде де бар. Жұдырық ала жүгірмесе де, намысына тигендерді оңдырмайтынын жасырмады. Алайда 5 минуттан кейін өкініп қалып, өзіне келесі жолы олай жасамаймын деп уәде береді. Бұл уәдесі орындалмай қалатын кездер көп.

Аян Өтепбергеннің әрдайым жанында ұстайтын тағы бір серігі — арлан қасқырдың тісі. Оны бойтұмарға баламаса да, үнемі жанында алып жүруге тырысады.

Аян Өтепбергенмен сұхбат: актер неге өкінетіні, кемшілігі және отбасы туралы айтты

"Отбасымнан артық бақыт та, байлық та жоқ"

Сөз соңында актер өміріндегі ең бақытты күнді қалай елестетінін баяндап берді.

"Айналар"фильмін көрген болсаңыздар, Ақыл айтқан бақытты күнді кез келген ер азамат аңсайды деп ойлаймын. Яғни мен де отбасы мен бала-шағасын, жаны мен жүрегіне жақын адамдарын бәрінен артық қоятын адаммын. Тәулікте 24 емес, одан да көп сағат болғанда, барлығын да ата-анаммен, туған-туыстарыммен, өмір атты ұзақ жолда серік етіп таңдаған сүйіктіммен өткізетін едім. Мен үшін отбасымнан артық бақыт та, байлық та жоқ", — дейді Аян Өтепберген.

Сондай-ақ, актер әндерін сүйіп тыңдайтын жандарға ерекше тосынсый әзірлеп жатқанын айтып қуантты. Әзірге мұнысы құпия болып қалмақ.