АЛМАТЫ, 3 желтоқсан — Sputnik, Томирис Сағындық. Қараша айында бірнеше тың туындыда басты рөлді сомдаған өнер иесі мұның астарында еңбек пен маңдай тердің жатқанын айтты.
31 қазан күні Аян Өтепберген басты рөлді сомдаған "Айналар" ("Зеркала") туындысы қазақстандық кинотеатрлардан көрсетіліп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
"Біреудің қайғысына тұз сепкіміз келген жоқ"
"Бастапқыда фильм Денис Теннің жағынан түсірілгенін іштей қаладым. Қазір олай болмағанының дұрыстығына көз жеткізіп отырмын. Көбінесе фильмнің табысты болғаны, ұнағаны туралы айтты деп жатырсыз. Бірақ жағымсыз сындардың да болғанын жасыру қажет емес деп ойлаймын. Рас, "Ұятсыздар! Денис Теннің жағдайы арқылы ақшаға кенеліп жатырсыңдар" деп жазғандар бар. Әркім пікір білдіруге құқылы болғандықтан, кез келген адамның жеке ойын сыйлаймын. Мақсатымыз — біреудің қайғысына тұз себу емес, қоғамдағы Денис Тенмен болған оқиға, Нұр-Сұлтандағы Әліби тақырыбы сынды өзекті проблемаларды айшықтау. Жалпы көрермен қауымға ұнап жатқанына қуаныштымын", — деді Аян Өтепберген Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Өнер иесі қоғамда өзінің кейіпкері Ақыл секілді азаматтардың көп екеніне тоқталды. Осы орайда ол бақытқа әркім әртүрлі жаста жететінін еске салып, ешуақытта мойымауға кеңес берді. Мұнымен қатар, ол өмірде әрдайым әділеттіліктің бар екеніне сенетінін жеткізді.
Актер ең қымбат гитарасын қалай ұрлатып алды?
"Кемшіліксіз адам болмайды. Бала күнімде ұрлық жасаған кездерім болған. Ал қазір бумеранг заңына қатты сенемін. Сол себепті кез келген тауып алған затты қалтама салуға емес, иесіне қайтаруға асығамын. Заттарымды көрінген жерде қалдырып кете беретін әдетім бар. Ертеңгі күні менің де заттарымды қайтарып беріп жатса, қуанып қалатын едім.
Бірде көлігімнің терезесін сындырып, гитарамды ұрлап әкетті. Ал ол гитараны алғаш өз еңбегіммен тапқан ақшаға арнайы дүкенге барып, түпнұсқасынан таңдап тұрып алған едім. Осы оқиғаның қатты әсер еткені соншалық, ол туралы Instagram парақшамда жазба қалдырдым. Мамандығымның арқасында осындай жағдайлардың алдын алайын деген де ой болды", — дейді өнер иесі.
25 қараша күні актер басты рөлдердің бірін сомдаған тағы бір "Дала қырандары" атты Қазақстанда бұрын-соңды болмаған ерекше телехикая көрсетіле бастады. Туындының өзгелеріне ұқсамайтын тұсы — телехикая ұшқыштар туралы, сондай-ақ, әуеде де түсірілімдер болған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Бұл жоба — жүректен шыққан туынды десем артық емес. Оның үстіне режиссері өзіміз қатарлы Дархан Төлегенов есімді жас жігіт болды. Ойымыз бір жерден шығып, барлығымыз идея алмасып отырдық.
Телехикаядағы менің кейіпкерім де, мен де әскери адам болуды армандағанбыз. Шынайы өмірде 27 жасқа толып кеткендіктен, өкінішке қарай, әскерге бара алмаймын. Бірақ, оқуға түсе алмаған жағдайда әскерге кетемін, өмірім әскермен байланысты болады деп жоспарлаған едім", — дейді актер.
"Театрда жауапкершіліктен жұрдаймын"
Кино әлемінде үнемі басты рөл бұйырса да, театрда салмақты рөлдері аз. Бұған себеп те жоқ емес. Актер мұны кино саласындағы тығыз жұмыс кестесімен байланыстырды. Бүгінде ол "Абай", "Қоштасқым келмейді", "Ақтастағы Ахико", "Мұқағалимен сырласу" сынды туындыларда ойнайды.
"Театрда рөлдерім аса көп емес. Ол жақта жауапкершіліктен жұрдаймын (Күлді.) Өйткені үнемі киноның түсіріліміне кетіп қала беремін. Ал кинода өзімді суда жүзіп жүрген балықтай сезінемін. Сондай-ақ, қазір басты рөлді иелену бұрынғыға қарағанда аса қиын еместігін айтқым келеді. Тіпті, жаңадан келген актерге бұйыруы мүмкін. Бұл — талап күшті емес деген сөз емес, керісінше жасы үлкен тәлімгерлеріміз жастардың үйренгенін қалайды. Басты бір ғана шарт — талантты болу", — дейді актер.
Аян Өтепберген түсірілім барысында әртүрлі жарақат алғанын, тіпті, бірнеше күн ауырып қалған күндерінің болғанын айтты. Сәбит Әбдіқалықов пен Айгүл Иманбаеваның ұлы Асылжан таспалаған "Странник" қысқаметражды фильмінің түсірілімі кезінде суық тиіп, бір апта төсек тартып жатқан.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Шаршап-шалдыққанда, демалғысы келгенде айналысатын хоббилері бар. Ол — ән айту, әуен жазу, сурет салу, балық аулау және кітап оқу.
"Бірақ, шыны керек, соңғы уақытта кітап оқуға көп көңіл бөле алмай жүрмін. Бала күнімде ауыл кітапханасынан кітаптар алып, соларды жата-жастана оқитынмын. Ол уақытта ауылда кешкі сағат ондар кезінде жарық сөніп қалады. Сонда шырақданды алып оқып жатсам, жасы үлкендер "Көзің қыли болатын болды" деп ұрысатын. Жуырда Семей қаласына гастрольдік сапармен барып, "Абай" қойылымын қойып қайттық. Енді "Абай жолын" тағы бір мәрте оқып шыққым келіп жүр", — деді актер.
Актердің ең үлкен арманы қандай?
Аян Өтепбергеннің басты армандарының бірі — голливудтық фильмге түсу. Өйткені, кино шеберлерінің барлығы сол жақта. Өзге жандар секілді актер арман-мақсаттары туралы орындалғанша айтқанды жөн көрмейді.
"Бір жағынан "Не үшін голливудтық фильмдерге түсуіміз керек?" деп ойлаймын. Бірақ көкейімде осындай арманның бары жасырын емес. Ол жаққа кімнің барғысы келмейді? Қазір ақырындап тіл үйреніп, дайындалып жатырмын. Етікші өз етігін тіге алмайды демекші, анамнан ағылшын тілінен сабақ алып көрмеппін (Актердің анасы ағылшын тілі пәнінің мұғалімі - Sputnik). Алайда қанда бар болған соң, курсқа барып, тез үйреніп алдым", — деп күлді ол.
Сондай-ақ, өнер иесі алғаш рет отбасы туралы сөз қозғады. Осы күнге дейін жанына жақын адамдар туралы еш жерде айтпаған-ды. Бұған жеке өмірі мен жеке кеңістігін халыққа жария етуді ұнатпауы себеп.
Актер Алматы қаласында дүниеге келсе де, балалық шағы Тараз бен Шымкент қалаларында өткен.
"Алматыда үшінші ұрпағына дейін тұрмаған адамдар өзін "алматылықпын" деп айта алмайды. Бірақ бәрібір Алматыны мендей жақсы көретін адам жоқ шығар. Өзіме отбасым, ал халыққа өнерім тиесілі. Отбасым туралы Sputnik Қазақстан оқырмандарына бірінші рет айтып тұрмын десем, өтірік емес болар. Әкем Тараз қаласындағы СХИ-ды тәмамдаған. Дәл қазір өзінің механик мамандығы бойынша Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрында жұмыс істейді.
Ал анам Таразда өзім білім алған №8 гимназияда ағылшын тілінің мұғалімі болды. Бүгінде ұлттық киімдер тігетін компанияда менеджер қызметін атқарады. 1987 жылғы әпкем тұрмыс құрған, екі ұлы және бір қызы бар. Өзімнен кейінгі қарындасым Аружан Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде "Туризм" саласы бойынша білім алып жатыр. Қазір барлығымыз Алматы қаласында тұрып жатырмыз", — деді Аян Өтепберген.
Актердің айтуынша, басқа салада жүргеніне қарамастан, қарындасы өте өнерлі. Кез келген іске икемі бар. Осы орайда, ол отбасындағы қыздарға ерекше еркелейтінін де жасырмады.
Өзінің таныстары көп болғанымен, ашылып сыр шертісетін жан достары санаулы. Ең бастысы — осы санаулы жандары өзін сөзсіз түсініп, керек сәтте жанынан табылады.
"Ең үлкен кемшілігім — қызуқандылығым"
Сұхбат барысында актер "Қазақ хандығы" телехикаясында серік болған тұлпарын еске алды. Өкінішке қарай, бүгіндері бұл атты көруге мүмкіндігі жоқ.
"Ол басында Керейдің аты болды. Жәнібектің де аты айғыр болып, екеуінің басы бір қазанда піспеді. Түсірілім барысында екеуі кісінісе берді. Ақыры менің момындау атымды Керейге беріп, бұл тұлпар мен сомдаған Бұрындық сұлтанға бұйырды. Багаж жанына адам жолап кетсе, қызарып, жындана бастайтын. Қаншама көліктің есігін сындырып кеткен еді. Ол туралы бір кітап жазуға болатын шығар. Бір шетінен Бұрындық — менің ең сүйікті кейіпкерлерімнің бірі. Яғни кейіпкеріме дәл осындай асау ат жараса түскендей", — деді ол.
Қызуқандылық серік болған тұлпарында ғана емес, өзінде де бар. Жұдырық ала жүгірмесе де, намысына тигендерді оңдырмайтынын жасырмады. Алайда 5 минуттан кейін өкініп қалып, өзіне келесі жолы олай жасамаймын деп уәде береді. Бұл уәдесі орындалмай қалатын кездер көп.
Аян Өтепбергеннің әрдайым жанында ұстайтын тағы бір серігі — арлан қасқырдың тісі. Оны бойтұмарға баламаса да, үнемі жанында алып жүруге тырысады.
"Отбасымнан артық бақыт та, байлық та жоқ"
Сөз соңында актер өміріндегі ең бақытты күнді қалай елестетінін баяндап берді.
"Айналар"фильмін көрген болсаңыздар, Ақыл айтқан бақытты күнді кез келген ер азамат аңсайды деп ойлаймын. Яғни мен де отбасы мен бала-шағасын, жаны мен жүрегіне жақын адамдарын бәрінен артық қоятын адаммын. Тәулікте 24 емес, одан да көп сағат болғанда, барлығын да ата-анаммен, туған-туыстарыммен, өмір атты ұзақ жолда серік етіп таңдаған сүйіктіммен өткізетін едім. Мен үшін отбасымнан артық бақыт та, байлық та жоқ", — дейді Аян Өтепберген.
Сондай-ақ, актер әндерін сүйіп тыңдайтын жандарға ерекше тосынсый әзірлеп жатқанын айтып қуантты. Әзірге мұнысы құпия болып қалмақ.