НҰР-СҰЛТАН, 21 қараша - Sputnik. Таразда 12 жастағы оқушы қызды мектеп дәретханасында зорлаған сұмдық жағдайдан кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қала әкімін қызметінен босатуды тапсырды.
Бұл туралы президент Twitter-парақшасында хабарлады.
"Жамбыл облысының әкіміне Тараздағы 12 жастағы мектеп оқушысы зардап шеккен оқыс оқиғаға байланысты және жұмысында жүйелі кемшіліктер жібергені үшін Тараз қаласының әкімін қызметінен босатуды тапсырдым. Облыс әкіміне ескерту жасадым", - деп жазды Тоқаев.
Қазіргі уақытта Тараз қаласының әкімі - Қайрат Досаев. Ол әр жылдары Жамбыл облысында Қордай және Шу аудандарының әкімі болды.
Дәретханадағы зорлау
Сұмдық жағдай туралы жақында белгілі болды. Таразда 7-сынып оқушысын мектеп аумағындағы дәретханада зорлап кеткен.
Мектеп ішіндегі әжетхана дұрыс жұмыс істемеген және білім ошағының аумағында бір сағат бойы жүрген бөтен адамға ешкім назар аудармаған. Ата-аналар бұл үшін мектеп басшылығын жазалауды талап етті.
Күдікті ұсталып, тергеу изоляторына қамалды. Полицияның мәліметінше, ол 19 жыл бұрын әйел зорлағаны үшін төрт жыл түрмеде отырып шыққан.
Кейін мектеп қызметкерлерінің жаппай жұмыстан босатылғаны хабарланды.
Бүкіл елді шулатқан оқиғадан кейін Жамбыл облыстық білім басқармасының басшысы, мектеп директоры, мектеп инспекторы және бірнеше мұғалім мен білім ошағының қызметкері жұмыстан кетті.