Саясат

Нұрсұлтан Назарбаев БАӘ президентіне көңіл айтты

Назарбаев шейх Сұлтанның елдің аяқтан тұрып, гүлденуіне үлес қосқан тұлға ретінде ел тарихында өшпес із қалдыратынын атап өтті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 19 қараша — Sputnik. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Араб Әмірліктерінің президенті шейх Халифа бен Заид Аль Нахайянға көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды elbasy.kz.

БАӘ басшысының інісі шейх Сұлтан бен Заид Аль Нахайян қайтыс болды. 

"Бауырыңыз әрі Біріккен Араб Әмірліктерінің абыройлы саяси қайраткері шейх Сұлтан бен Заид Әл Нахаянның дүниеден озғаны туралы суыт хабарды зор күйзеліспен қабылдадым. Шейх Сұлтан Біріккен Араб Әмірліктерінің аяқтан тұрып, гүлденуіне ерекше үлес қосқан тұлға ретінде ел тарихында өшпес із қалдырды. Оның жарқын бейнесі Әмірліктер халқының жүрегінде әрдайым сақталатынына сенімдімін", - деді Назарбаев.

Елбасы сын сағатта БАӘ президентіне және отбасы мүшелеріне сабыр тіледі.

БАӘ-де аза тұту жарияланды

БАӘ-де президент інісінің дүниеден өтуіне байланысты үш күндік аза тұту жарияланды.

Шейх Сұлтан 64 жасында дүниеден өтті. Ол Біріккен Араб Әмірліктерінің негізін қалаушы және бірінші президенті шейх Зеидтың екінші баласы. Әр жылдары ол федералдық үкіметте және Абу-Даби эмиратының билігінде еңбек етті. Атап айтсақ, шейх Сұлтан 1990 жылы вице-премьер, одан кейін БАӘ қарулы күштерінің жоғары бас қолбасшысы болды.