НҰР-СҰЛТАН, 20 қазан – Sputnik. Жоғары лауазымды қызмет атқарып жүрген көпбалалы саясаткерлердің бірсыпырасын назарларыңызға ұсынамыз.
Бекболат Тілеухан
Мәжіліс депутатының 14 баласы бар. Бұл туралы ол Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында айтты.
"Құдай берген көп жарым бар. Сіз айтқандай, бесеуге жетпейді. Одан аз. Мұнымен қатар, мына мәселені айтқым келіп тұр. Жұрт жақында "Бекболат өзінің 11 баласы бар екенін мойындады" деп шулады. Осы тұста Бекболатқа тағы да жала жабылды. Менде 11 емес, 14 бала бар", - деген еді ол.
Ол "тоқал" деген сөзді ұнатпайтынын, бұл сөздің орнына "екінші, үшінші жар" деп қолдану қажеттігін алға тартқан еді.
Айтуынша, қаланың жағдайына байланысты баласының саны 14-пен шектеліп қалыпты. Бекболат Тілеухан олардың есімдерін шатастырмайды, әрі перзентінің дүниеге келген күні мен уақытын нақты айтып бере алады. Оның Нұрмұхаммед, Нұрдәулет, Зейнеп, Ажар, Дәнел, Медина, Сафия, Жамал, Абдулхамит, Абдулла, Әбдірахман, Ахмет, Әбдісабыр, Махмұт есімді балалары бар.
Бауыржан Байбек
Саясатта жүрген көпбалалы әкелердің бірі – "Nur Otan" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек. 45 жастағы әке бес бала тәрбиелеп отыр. Жұбайы – Жанар Байбек.
Бауыржан Байбек қазақ, орыс, ағылшын, неміс тілдерінде еркін сөйлейді. Осыған дейін Алматы қаласының әкімі қызметін атқарған.
Әлихан Смайылов
Ал премьер-министрдің бірінші орынбасары - қаржы министрі 46 жастағы Әлихан Смайылов келіншегі Балжан екеуі бес бала тәрбиелеп отыр.
Смайылов соңғы қызметіне биылғы жылдың ақпанында келді. Сондай-ақ ол Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесіндегі Қазақстанның өкілі.
Ғабидолла Әбдірахымов
Шымкенттің экс-әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың 4 баласы бар: Әсел (1998), Аделя (2003), Алтынай (2009) және Әлихан (2004). Әйелінің аты-жөні – Данара Әбдірахымова.
Жуырда 44 жастағы көпбалалы әке Қазақстан премьер-министрінің кеңесшісі болып тағайындалды.
Мағзұм Мырзағалиев
Ел демографиясына үлес қосып жүргендердің бірі – экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.
40 жастағы шенеунік жұбайы Айым Мырзағалиевамен 5 бала тәрбиелеп отыр.
Мырзағалиев қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілдерін біледі. Экология министрлігін осы жылдың 17 маусымынан бері басқарады.
Елжан Біртанов
Көпбалалы атқамінерлер тізіміне денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов та кіреді.
Біртанов қазір 48 жаста, үйленген, 4 баласы бар.
Кәсіби мансабын Алматы қаласында жедел медициналық көмек ауруханасының реаниматолог-дәрігері болып бастаған еді.
Зағипа Бәлиева
61 жастағы Мәжіліс депутаты Зағипа Бәлиеваның Данияр (1980), Ернар (1984), Алияр (1990), Нұрсұлтан (2006) есімді ұлдары мен Альдара-Бегім (2004), Дария-Бегім (2007) атты қыздары бар. Күйеуінің есімі – Мұхтар Бәлиев.
2016 жылы көпбалалы ана республикалық әкелер форумында 3 баланы асырап алғанын, алдағы уақытта 5 баланы бауырына басқысы келіп жүргенін айтқан еді.
"Жұбайымыз екеуіміз балалар үйінен үш бала асырап алдық. Өзіміз дүниеге әкелген үш баламыз бар. Бүгінде 6 баланы бауырымызға басып отырмыз. Ешкімді бөле жарып қарамаймыз. Алдағы уақытта тағы 5 бала асырап алсақ деген ойымыз бар. Қазақ – жетім-жесірін жылатпаған халық", – деді ол.
Зағипа Бәлиева көп жыл Қазақстанның бала құқықтары жөніндегі уәкілі қызметінен атқарды. 2018 жылдың маусымында Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен Бәлиева балалар омбудсмені қызметінен босатылды.
Жеңіс Қасымбек
Облыс әкімдерінің арасында да көпбалалы әкелер баршылық. Соның бірі – бір ай бұрын Қарағанды облысының әкімі болып тағайындалған Жеңіс Қасымбек.
44 жастағы атқамінердің Ақерке (1997), Жансая (2000), Ләйлім (2003) және Мәди (2006) есімді төрт баласы бар. Жұбайы – Ақжан Қасымбек.
Нұрлан Ноғаев
Атырау облысы әкімінің 5 ұлы және бір қызы бар. Әйелі – Бағдагүл Ахметова.
52 жастағы әкім Атырау облысын 2016 жылдың көктемінен бері басқарады. Осыған дейін Батыс Қазақстан облысының әкімі болған.
Серікбай Тұрымов
Маңғыстау облысының әкімі 5 бала тәрбиелеп отыр.
55 жастағы атқамінер мамандығы бойынша инженер-құрылысшы. Маңғыстау облысының әкімі қызметіне 2019 жылдың 13 маусымында тағайындалған болатын. Әр жылдары Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының әкімі, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары, Жаңаөзен әкімі, Ақтау әкімі, Маңғыстау облыстық маслихаттың хатшысы қызметтерін атқарды.
Болат Бақауов
Павлодар облысын басқаратын Болат Бақауов – бес баланың әкесі.
48 жастағы шенеунік әр жылдары Ақсу қаласының әкімі, Павлодар қаласының әкімі, Павлодар облыстық мәслихатының депутаты қызметтерін атқарды. Бір кездері жеке кәсіпкер де болған.
Құмар Ақсақалов
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі үйленген, 4 баласы бар.
54 жастағы Ақсақалов облысты 2017 жылдың наурызынан бері басқарады.
Әр жылдары Жамбыл облысы әкімінің орынбасары, Қазақстан президенті әкімшілігі басшысының орынбасары қызметтерін атқарған.
Жамбыл Ахметбеков
Коммунистік халық партиясы орталық комитетінің хатшысы, депутат Ахметбековтың 4 баласы бар. Олардың есімдері – Перизат (1990), Айнұр (1995), Аружан (2003), Камила (2006). Жұбайының есімі – Карлығаш Ахметбекова. 58 жастағы депутат мамандығы бойынша ауыл шаруашылығының маманы.
Дархан Мыңбай
Бұрынғы мәдениет және ақпарат министрі, қазіргі мәжіліс депутаты Дархан Мыңбайдың Унзила (1990), Дана (1992), Нұрәлі (1995), Газәлі (2005) есімді 4 баласы бар. Әйелінің есімі – Қорлан Құсайынова.
57 жастағы депутат мамандығы бойынша журналист. Әр жылдары ОҚО түлкібас ауданының әкімі, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, ҚХА ассамблеясы төрағасының орынбасары, ҚР ұлттық музейінің директоры болған.
Мәліметтер ашық дереккөзден алынды