НҰР-СҰЛТАН, 6 қазан – Sputnik. Қазақстандық боксшы Әли Ахмедов АҚШ-та кәсіпқой рингте он алтыншы жекпе-жегін өткізді.
Ахмедов америкалық Эндрю Эрнандеспен қолғап түйістірді.
Жекпе-жек 12 раундқа есептелсе де, бар болғаны 44 секундқа созылды. Айқасты белсенді бастаған қазақ боксшысының бірнеше соққысы қарсыласына дөп тиді. Рингтегі төреші Эрнандес тарапының қарсылығына қарамастан, жекпе-жекті тоқтатуды ұйғарды.
Осылайша Әли Ахмедов он алтыншы жеңісіне қол жеткізіп, WBC International Silver титулын қорғап қалды.
Ал америкалық боксшы сегізінші жеңілістің дәмін татты.
Жекпе-жек Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында бокс кеші аясында өтті. Кештің басты айқасы – қазақстандық Геннадий Головкин мен украиналық Сергея Деревянченко арасындағы жекпе-жек.
Жекпе-жекті "Qazaqstan" және "Qazsport" телеарналарынан тікелей эфирде көруге болады.