НҰР-СҰЛТАН, 23 тамыз – Sputnik. Үкімет жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарнасын енгізу мәселесін талқылау үшін жұмыс тобын құрады. Бұл туралы бүгін премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сапарбаев соңғы уақытта БАҚ-та жұмыс берушілерді 5 процент зейнетақы жарнасын төлеуге міндеттеу мәселесі көп талқыланып жатқанын атап өтті. Айтуынша, жұмыс берушілерді зейнетақы жарнасын төлеуге міндеттеу заңы сонау 2015 жылы қабылданған. Алайда артынан кейінге қалдырылған.
Үкімет міндетті зейнетақы жарнасын аудару мәселесін бизнес өкілдерімен талқылауға дайын.
"Түрлі талқылауды ескеріп, президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке тапсырма берді. Қазір біз жұмыс тобын құрғалы отырмыз. Оның құрамына жұмыс берушілер, "Атамекен" ҰКП, ҮЕҰ өкілдері, сарапшылар және тағы басқалары кіреді", - деді вице-премьер.
Мәселені талқылап, нақты ұсыныстар енгізгеннен кейін, жұмыс берушілердің зейнетақы жарнасына қатысты шешім қабылданады.