Әлем

Үйлену тойы кезінде жойқын жарылыс болды: 63 адам қаза тапқан

Куәгерлердің айтуынша, жантүршігерлік оқиға кезінде зал қонақтарға лық толы болған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 18 тамыз — Sputnik. Кабулдағы жарылыс салдарынан кем дегенде 63 адам қаза тауып, 180-нен астамы зардап шекті.

Қайғылы оқиға Ауғанстан астанасындағы үйлену тойы кезінде болды, деп хабарлайды Tolo News телеарнасы ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.

Жарылыс жергілікті уақыт бойынша сенбі күні 22:40-та болған. Бомбаны жанкешті лаңкес жарып жіберді, деді ІІМ баспасөз хатшысы Нусрат Рахими. Куәгерлердің айтуынша, сол сәтте зал қонақтарға лық толы болған.

Телеарна атап өткендей, әдетте үйлену тойына 400-дей адам жиналады.

"Талибан"* радикалды қозғалысы (Қазақстан, Ресей және басқа да бірқатар елде тыйым салынған террорлық ұйым - Sputnik) шабуылға қатысы барын жоққа шығарды.

Ауған президенті Ашраф Гани болған жайтты айыптап, қаза тапқандардың туған-туыстарына көңіл айтты.

"Кеше түнде Кабулдағы үйлену тойында жасалған жантүршігерлік шабуылды қатаң айыптаймын. Шабуыл салдарынан қаза тапқандардың отбасына халқымның атынан көңіл айтамын", - деп жазды Гани Twitter парақшасында.

Ол болған жайтқа қатысты қауіпсіздік бойынша кезектен тыс жиналыс шақырыпты.

Тағы оқыңыз: Мешітте Құрбан айт қарсаңында атыс болды

РИА Новости хабарлағандай, жексенбі күні Ауғанстанда тағы бір жарылыс болды. Ауғанстанның солтүстігіндегі  Даулат Абад округінде он бір адам қаза тапқан.

"Талибан"* - Қазақстанда, Ресейде және бірқатар елде тыйым салынған террорлық ұйым.