НҰР-СҰЛТАН, 18 тамыз — Sputnik. Кабулдағы жарылыс салдарынан кем дегенде 63 адам қаза тауып, 180-нен астамы зардап шекті.
Қайғылы оқиға Ауғанстан астанасындағы үйлену тойы кезінде болды, деп хабарлайды Tolo News телеарнасы ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.
Жарылыс жергілікті уақыт бойынша сенбі күні 22:40-та болған. Бомбаны жанкешті лаңкес жарып жіберді, деді ІІМ баспасөз хатшысы Нусрат Рахими. Куәгерлердің айтуынша, сол сәтте зал қонақтарға лық толы болған.
Телеарна атап өткендей, әдетте үйлену тойына 400-дей адам жиналады.
"Талибан"* радикалды қозғалысы (Қазақстан, Ресей және басқа да бірқатар елде тыйым салынған террорлық ұйым - Sputnik) шабуылға қатысы барын жоққа шығарды.
Ауған президенті Ашраф Гани болған жайтты айыптап, қаза тапқандардың туған-туыстарына көңіл айтты.
"Кеше түнде Кабулдағы үйлену тойында жасалған жантүршігерлік шабуылды қатаң айыптаймын. Шабуыл салдарынан қаза тапқандардың отбасына халқымның атынан көңіл айтамын", - деп жазды Гани Twitter парақшасында.
Ол болған жайтқа қатысты қауіпсіздік бойынша кезектен тыс жиналыс шақырыпты.
Тағы оқыңыз: Мешітте Құрбан айт қарсаңында атыс болды
РИА Новости хабарлағандай, жексенбі күні Ауғанстанда тағы бір жарылыс болды. Ауғанстанның солтүстігіндегі Даулат Абад округінде он бір адам қаза тапқан.
"Талибан"* - Қазақстанда, Ресейде және бірқатар елде тыйым салынған террорлық ұйым.