АЛМАТЫ, 3 тамыз — Sputnik. Бүгін бесінші халықаралық армия ойындары басталды. Биыл әлемнің 37 елінің әскерилері үздік атану үшін өзара тартысады.
Ойындардың салтантты ашылу рәсімі қалыптасқан дәстүр бойынша Мәскеу түбіндегі "Патриот" көрме саябағында өтті. Ашылу салтанатынан кейін Алабинодағы полигонда танк биатлонының бірінші кезеңі басталып кетті.
Ресей Федерациясы қорғаныс министрі Сергей Шойгудың айтуынша, биыл армия ойындарының аясында алғаш рет бірқатар жарысқа Үндістан, Моңғолия және Өзбекстан қатысады.
Әскери шеберлік бойынша түрлі сынақта барлығы 221 команда тартысады. Жеті мемлекет халықаралық армия ойындарына алғаш рет қатысады.
Бірінші халықаралық армия ойындары Ресейде 2015 жылдың тамызында өткен болатын. Ойындар 11 полигонда және 14 сынақ түрі бойынша өтті. Жарысқа барлығы 17 елден 57 команда қатысқан еді. Тағы 16 мемлекеттің өкілдері бақылаушы ретінде халықаралық армия ойындарына келді.