НҰР-СҰЛТАН, 31 шілде — Sputnik. Президент бас прокурорға Алматы облысындағы Заречный ауылындағы түзету мекемесіндегі жағдайды жан-жақты тергеуді тапсырды.
"Түзету мекемесінің бес қызметкері ұсталды, бірқатары жұмыстан босатылды. ІІМ-ге түзету мекемесін жаңғырту тапсырылды", - деп жазды Тоқаев.
Ол мұндайға жол бермеу үшін азаматтық бақылауды күшейту керек екенін айтты.
Түзету мекемесінде болған жағдай
Бұған дейін желіде Заречныйдың қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде түсірілген видео тарап кетті. Жазбада жазасын өтеушілердің бірінің еденде жатқаны, ал екіншісін қолдарынан асып қойғаны көрінеді. Қызметкерлер олардан арыз жазбауды талап еткен.
Мекеме басшысы мен жеті қызметкер жұмысынан босатылды. Екеуі - мекеме басшысының орынбасары.
Түзету мекемесінің бес қызметкері ұсталды. Екі қылмыстық іс қозғалды.
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев осы уақытқа дейін 40 видео мен аудио жазба зерделеніп, сотталғандарға зорлық көрсету фактілері расталғанын айтқан болатын.