АЛМАТЫ, 15 шілде — Sputnik. Алматы қаласының энергия тиімділігі және инфрақұрылымдық даму басқармасы мегаполистің неге жарықсыз қалғанын түсіндірді.
"Бүгін 15 шілде күні сағат 14:14-те "АлЭС" АҚ 2-ші жылу электр стансасында техникалық ақау болды. Салдарынан қаланың басым бөлігі жарықсыз қалды. Қазіргі уақытта 2-ші жылу электр стансасына КЛ-220 кВ бойынша электр энергиясы берілді. Сондай-ақғ қаланың сыртқы желілері (KEGOC 220 кв желісі) бойынша Алматы жарыққа қосылып жатыр. Алдағы 1-1,5 сағат ішінде қалпына келеді", - делінген хабарламада.
Электр энергиясы сағат кешкі 17:00 кезінде толық қалпына келеді.
Басқарма мәліметіне сәйкес, қазіргі уақытта қаладағы бағдаршамдар іске қосылған. Полицияның 450 қызметкері жол қозғалысын реттеуге жұмылдырылды.
"Арнайы жұмыс тобы апаттың себебін анықтап жатыр. Жағдай бақылауға алынды",- деді басқармадағылар.
Алматы қаласының полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, ең алдымен орталық магистраль жолдар жабылған. Кейін полиция қызметкерлері өзге көшелердегі жол қозғалысын бақылауға алды. Жол апаты тіркелген жоқ.