НҰР-СҰЛТАН, 6 маусым — Sputnik. Жыл соңына дейін 300 адамнан тұратын алғашқы кадрлық резервтің тізімі дайындалады. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі парақшасында жазды.
"Мемлекетті басқару жүйесіне жас мамандарды, соның ішінде азаматтық сектордан тарту менің міндетім болады. 300 адамнан тұратын алғашқы кадрлық резервтің тізімі жыл соңына дейін дайындалады. Жастар – алдағы реформалардың негізгі қозғаушы күші", - деп хабарлады Тоқаев.
Қазақстанда жүздеген белсенді жастың тізімі жасалатынын Тоқаев осы жылдың мамырында Қостанайда Қазақстан-Ресей жастар форумында айтқан болатын.
Ол тізімдегі адамдар мемлекеттік қызметтің барлық сатысында жұмыс істеуге мүмкіндік алатынын атап өтті.
Бұған дейін президент Қазақстанда 2020 жылды Еріктілер жылы деп жариялау идеясын қолдады.