Әлем

Жұмбақ көлеңке желідегі жұрттың басын қатырып қойды - фото

Кейбіреулер оптикалық иллюзияны сиқыр деп шатасты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 30 мамыр — Sputnik. Желіде жарияланған фотода маңдайша жазудағы сөз бен қабырғадағы көлеңкесі сәйкес келмейді. Желі қолданушылары бұған қатты таңғалып, сурет Reddit сайтында 28 мыңнан астам лайк жинаған.

​Маңдайша жазудағы сөз алты әріптен тұрады - coffee ("кофе"), ал көлеңкеде тек бесеуі ғана бар – f әрпінің бірі "ғайып болды".

Бұған аң-таң болған желі қолданушылар әріптің қайда кеткеніне түрлі пайымдаулар айтып, пікір қалдырды. Арасында қиялға беріліп кеткендері де болды.

"Бұл басқа әлемге апарар жол шығар, дұрыстап жасырмаған ғой", - дейді қолданушылардың бірі.

"Мынау бір сиқыр екен!" — деп тағы бірі топшылады.

Дегенмен иллюзияға не себеп болғанын дұрыстап түсіндіріп бергендер де табылды.

​Олардың пікірінше, мұның бәріне маңдайша жазуға жарық түсіріп тұрған шамдардың орналасуы "кінәлі" – екеуінен түскен жарыққа байланысты қос әріп бірігіп кеткен.