Қоғам

Ұлттық бюро ағайынды Рысқалиевтер ісіне қатысты мәлімдеме жасады

Ағайынды Рысқалиевтердің қылмыстық тобы Андорра мен Швейцарияға 104 миллион доллар шығарып үлгерген
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 24 мамыр – Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюроның төрағасы Қайрат Сөнтаев ағайынды Рысқалиевтердің ұрлаған ақшасын қайтару бойынша қандай жұмыс атқарылып жатқанын айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Оның айтуынша, ағайынды Рысқалиевтерге қатысты сот үкімі бойынша ұрланған қаражатты мемлекетке қайтару шаралары да ескерілген. Оның ішінде Андоррадағы 14 миллион және Швейцариядағы 90 миллион доллар да бар. 

"Сондай-ақ, сотталғандардың 3 миллиард теңгенің мүлкі тәркіленді. Оның ішінде Атырау облысы мен Ақтөбе облысында орналасқан 170 жылжымайтын мүлік бар. Бұдан бөлек, кінәлі азаматтардан заңсыз келісімшарттардың негізінде түскен 12 миллиард теңге тәркіленді", - деді Сөнтаев баспасөз мәслихатында.

Бюро басшының сөзіне қарағанда, сотқа дейінгі тергеу кезінде 3 миллиард теңге мемлекет меншігіне қайтарылды. Ағайынды Рысқалиевтер бұл ақшаны жылжымайтын мүлікті мемлекеттік баланстан шығару арқылы иемденген.

Тағы оқыңыз: Бергей Рысқалиев Лондонда емін-еркін серуендеп жүр – куәгер видеосы

"Қазіргі кезде шетелге ақшаны жылыстату фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Соның аясында Андорра мен Швейцарияның құзіретті органдарымен арест салынған мүлікті қайтару бойынша бірлескен жұмыс атқарылуда. Ал сотталғандарды экстрадициялауға қатысты барлық шаралар қолға алынды", - деп атап көрсетті Сөнтаев.

Ағайынды Рысқалиевтер ісі

Айта кетейік, 2019 жылдың қаңтарында Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев пен оның ағасы, экс-депутат Аманжан Рысқалиевке қатысты сот үкімі шыққан. Экс-әкім 17 жылға, оның ағасы 16 жылға бас бостандығынан айырылған, әрі олардың мемлекетке келтірілген шығыны 72 миллиард теңгеге бағаланған.

Бас прокуратура Әблязов банкирді өлтіруді ұйымдастырды деп есептейді
Бергей Рысқалиев пен Аманжан Рысқалиев 2012 жылы елден шығып кетті. Оларға халықаралық іздеу жарияланған.

Бергей Рысқалиев 2006-2012 жылдары Атырау облысы басшысы қызметін атқарған. Осы уақыт аралығында, тергеу мәліметі бойынша, бірнеше мәрте заң бұзыпты. Рысқалиевке қылмыстық кодекстің сегіз бабы бойынша айып тағылған: аса ірі көлемде мемлекет қаражатын қымқыру, алаяқтық, қылмыстық жолмен тапқан ақшаны заңдастыру, қылмыстық ұйым құрып, басқару, қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану және тағы басқа.

Кей БАҚ мәліметіне сүйенсек, Бергей Рысқалиев Ұлыбританияда саяси босқын мәртебесіне ие.