НҰР-СҰЛТАН, 14 мамыр – Sputnik. Қазақстанда қаржылық реттеу агенттігі қайтадан құрылады. Ол Ұлттық банкпен бірлесіп жұмыс істеп, қаржылық реттеу шараларын жүргізеді. Осы құрылымдық өзгерістердің бәрін арнайы заң жобасы аясында іске асыру жоспарланған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляковтың айтуынша, банктің қаржылық реттеу және қадағалау құзіретін бөлек шығаруға шешім қабылданды. Ол үшін арнайы агенттік құру жоспарланып отыр.
Оның сөзіне қарағанда, агенттік қызметкерлерінің мәртебесі Ұлттық банк мамандарымен бірдей болады. Ал агенттікті қаржыландыру шаралары республикалық бюджеттің есебінен жүргізіледі.
"Осылайша, қаржылық қызметтерді ұсынатын барлық субъект, атап айтқанда, ипотекалық және сақтандыру ұйымдары, құнды қағаздар нарығы, коллекторлық ұйымдар агенттіктің бақылуына болады. Бұдан бөлек, заңға енгізілетін өзгерістер агенттіктің қадағалау құзіретін кеңейтеді. Оған ломбардтар, кредиттік бюролар және тағы басқа банктік емес несие ұйымдары қосылады. Соның ішінде онлайн кредиторлар да бар. Олар көп жағдайда жалақыға дейін ақшаны қарызға алуды ұсынып жатады",- деп атап көрсетті Смоляков.
Ұлттық банктің жоспарына сәйкес, қайтадан құрылатын агенттіктің штаты қазіргі штаттың есебінен жасақталады. Сырттан маман тарту жоспарда жоқ. Агенттікте шамамен 600 адам жұмыс істейді. Олардың ішінде жергілікті филиалдардың қызметкерлері де бар.
Тағы оқыңыз: Назарбаев Данияр Ақышевты жаңа қызметке тағайындады
Айта кеткен жөн, 2004 жылы Қазақстанда қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды қадағалау және реттеу агенттігі құрылған болатын. Аталған құрылым тікелей президентке бағынды. Ал 2011 жылы президенттің жарлығымен агенттіктің құзіреті мен функциялары ҚР Ұлттық банкіне берілді. Сол жылы Ұлттық банктің жанынан қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды қадағалау және реттеу комитеті құрылған еді.