Экономика

Қазақстанда қаржылық реттеу агенттігі қайта құрылады

© Sputnik / Абзал КалиевҚазақстанның ұлттық валютасы
Қазақстанның ұлттық валютасы - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Ұлттық банктің қаржылық реттеу және қадағалау құзіреті бөлек шығарылып, арнайы агенттік құрылмақ

НҰР-СҰЛТАН, 14 мамыр – Sputnik. Қазақстанда қаржылық реттеу агенттігі қайтадан құрылады. Ол Ұлттық банкпен бірлесіп жұмыс істеп, қаржылық реттеу шараларын жүргізеді. Осы құрылымдық өзгерістердің бәрін арнайы заң жобасы аясында іске асыру жоспарланған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляковтың айтуынша, банктің қаржылық реттеу және қадағалау құзіретін бөлек шығаруға шешім қабылданды. Ол үшін арнайы агенттік құру жоспарланып отыр.

Иллюстративті фото - Sputnik Қазақстан
Экономика
Ұлттық банк Қазақстанның сыртқы қарызы қанша екенін айтты
"Ұлттық банк өз кезегінде ақша-несие саясатына басымдық беріп, төлем жүйелерін қадағалайтын болады. Былайша айтқанда, орталық банктің негізгі функцияларын атқарады. Ал каржы нарығын дамыту мен реттеу функцияларын бөлек агенттікке беру ұсынылып отыр. Аталған құрылым Ұлттық банк сияқты Қазақстан Республикасының президентіне бағынады деген жоспар бар", - деді Смоляков мәжілісте өткен қаржы нарығы мен микроқаржыландыру қызметін дамыту және реттеу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасының таныстырылымында.

Оның сөзіне қарағанда, агенттік қызметкерлерінің мәртебесі Ұлттық банк мамандарымен бірдей болады. Ал агенттікті қаржыландыру шаралары республикалық бюджеттің есебінен жүргізіледі.

"Осылайша, қаржылық қызметтерді ұсынатын барлық субъект, атап айтқанда, ипотекалық және сақтандыру ұйымдары, құнды қағаздар нарығы, коллекторлық ұйымдар агенттіктің бақылуына болады. Бұдан бөлек, заңға енгізілетін өзгерістер агенттіктің қадағалау құзіретін кеңейтеді. Оған ломбардтар, кредиттік бюролар және тағы басқа банктік емес несие ұйымдары қосылады. Соның ішінде онлайн кредиторлар да бар. Олар көп жағдайда жалақыға дейін ақшаны қарызға алуды ұсынып жатады",- деп атап көрсетті Смоляков.

Ұлттық банктің жоспарына сәйкес, қайтадан құрылатын агенттіктің штаты қазіргі штаттың есебінен жасақталады. Сырттан маман тарту жоспарда жоқ. Агенттікте шамамен 600 адам жұмыс істейді. Олардың ішінде жергілікті филиалдардың қызметкерлері де бар.

Тағы оқыңыз: Назарбаев Данияр Ақышевты жаңа қызметке тағайындады

Айта кеткен жөн, 2004 жылы Қазақстанда қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды қадағалау және реттеу агенттігі құрылған болатын. Аталған құрылым тікелей президентке бағынды. Ал 2011 жылы президенттің жарлығымен агенттіктің құзіреті мен функциялары ҚР Ұлттық банкіне берілді. Сол жылы Ұлттық банктің жанынан қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды қадағалау және реттеу комитеті құрылған еді. 

Жаңалықтар
0