НҰР-СҰЛТАН, 29 сәуір – Sputnik. Мемлекеттің бірінші міндеті – әр азаматқа отбасын асырау үшін жағдай жасау. Бұл туралы бүгін Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Біз өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту саясатын жалғастырамыз. Бұл ең бастысы. Нарықтық экономика жағдайында мемлекеттің нөмірі бірінші міндеті – әр азаматқа отбасын асырау үшін жұмыс ұсыну. Ана мен әкеге жақсы жалақы беріп, жағдай жасап, әлеуметтік көмек көрсетілуі керек", - деді президент.
Елбасының айтуынша, елімізде біраз дүние жасалып жатыр.
"Бірақ өзіміз жасаған дүниенің бәрін байқай бермейміз. Мүмкін, біздің жақсы өмір сүруге үйреніп келе жатқанымыздың өзі жақсы шығар", - деді Назарбаев.
Айта кетсек, елордада Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы, ҚХА төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Ассамблеяның XXVII сессиясы өтіп жатыр. Биылғы сессияның тақырыбы – "Бейбітшілік пен келісім формуласы: бірлік және жаңғыру".
Сессия жұмысына ҚХА-ның 487 мүшесі қатысып отыр.