АЛМАТЫ, 16 сәуір — Sputnik. Қазақстанның мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті Талдықорғанның бұрынғы әкіміне қатысты қызметтік тексерістің нәтижесін жария етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Н.Мақұл деген азаматқа қатысты Қылмыстық кодекстің 287-бабы, яғни "газды қаруды заңсыз сақтау" бойынша қылмыстық іс тіркелді. Ал жүргізуші Шәріповке қатысты әкімшілік құқық бұзушылық бойынша үш бірдей іс қозғалды", - делінген хабарламада.
Анықталғандай, сол күні көлік иесі Тұрлыхан Тұрарбек әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде сабақта болған.
"Қызметтік тексерістің нәтижесінде Дастан Шалтабаевтың тарапынан заң бұзушылық орын алған жоқ деген қорытынды шығарылды", - деді департаменттен.
Тағы оқыңыз: Тапанша, оқ-дәрі және бір бума ақша: Алматы орталығында мұздай қаруланған ер адам ұсталды
Айта кетсек, 19 наурызда Алматы қаласының орталығында полицейлер жедел қызметтің арнайы сигналы орнатылған Toyota Camry 70 көлігін тоқтатқан. Тексеру кезінде жүк салғыштан травматикалық қару, оқ-дәрі және айналымға арналмаған бір бума доллар табылған. Кейін жүргізушінің көлікті заңсыз жүргізгені анықталды.
Осы шулы оқиғадан соң, көп ұзамай, 12 сәуірде Дастан Шалтабаев Талдықорған әкімі қызметінен кетті. Кейіннен оның облыстық әкімдіктегі "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы бойынша жұмыстың жетекшісі боп тағайындалғаны белгілі болды.