Видео

"Қайтем енді..." Мақпал Жүнісованың шетелге көшкелі жатқаны рас па - видео

Мақпал Жүнісованың қызы Мерей Заманбек былтыр мектеп бітіріп, биыл шетел тілдерін кәсіби деңгейде меңгеруге бел шеше кіріскен
Sputnik

АЛМАТЫ, 15 сәуір – Sputnik. Халықтың ерке қызы, сүйікті әншісі Мақпал Жүнісова шетелге көшуі мүмкін. Бұл туралы әнші "Ел аузында" бағдарламасына берген сұқбатында айтты. Әншінің айтуынша, қызы Мерей есейіп, шетелде білім алғысы келеді екен.

"Былтыр мектеп бітірген кезде Мерей Қазақстанда қалам деп уәде берген. Ал биылғы әңгімесі басқаша. Шетелге оқуға барғысы келеді. Ал қыз баланы жалғыз шетелге жіберу қиын ғой", - деген әнші қазір өзінің екіұшты ойда жүргенін айтады.

Халық әртісі Мақпал Жүнісова Димаш туралы не ойлайтынын айтты
Әншінің айтуынша, қазір қызы республикалық байқауға дайындалып, ағылшынша ғылыми еңбек қорғағалы жатқан көрінеді. Одан бөлек 17 жастағы Мерей жапон мен корей тілдеріне де ден қойған.

"Ағылшынша заулап тұр. Телефонын ағылшыншаға қойып тастаған. Балжан деген құрбысы бар, екеуі ағылшынша сөйлеседі. Мен түсінбеймін ғой, содан соң бірдемені жасыра ма, білмеймін.

Бірақ осы шет тілдеріне ден қойғанда іштей қорыққанмын. Шет тілдерін оқытып-оқытып алып, ертең ұстай алмай қалмайын деп. Өзі де солай болайын деп тұр", - дейді Мақпал Жүнісова іштегі толқынысын жасыра алмай.

Әнші қызы шетелге оқуға кетсе, онда артынан ілесіп баратынын айтады.

"Барам еріксіз, қайтем енді. Бірақ оған әлі дайын емеспін. "Оқымайсың, бармайсың" дейін десем, өздігінен бірнәрсе жасап қойса қайтем деп тағы қорқасын. Одан соң елдің балалары бәрі барып жатыр. Онда тұрған не бар деп тағы ойлайсың", - дейді ол.