АСТАНА, 4 қаңтар — Sputnik. Халық әртісі Мақпал Жүнісова Қазақстанда бұрын-соңды Димаштай әншінің болмағанын айтады. Осы уақытқа дейін қазақстандықтар шетел сахнасында ән шырқағанымен, жеке ән кешін бергендер сирек.
Сондай-ақ, Мақпал Жүнісова Димаштың Қазақстанда жүріп бірден бағын аша алмағанына тоқталды. Мұны бір кездері өзі де ата-анасына ескерткен екен. Айтуынша, Қазақстанда Димаштай әншіні қабылдамайды. Мұнымен қатар, ол кезінде біраз отандық әнші шетелде танылғанымен, интернет дамымағандықтан, олар туралы видеолар аз екенін айтты.
"Димаш қазір Майкл Джексон сияқты халықаралық деңгейде концерттер беріп жүр. Бұл қазақтарда болмаған нәрсе. Бізде "Халықаралық әншімін" деп бүкіл әлемді жаулап алғандай сөйлейтіндер бар. Бірақ ешкім бұлай шетелде жеке концерт беріп көрмеген", — деді Мақпал Жүнісова.
Әрі қарай халық әртісі өзі мен әріптестерінің шетелге тек 300-500 адамға концерт қою үшін барғанын айтып берді. Оның өзінде әрқайсысы 4-5 өлеңмен шектелетін болған.
Тағы оқыңыз: Шетелдіктер Димаштың өнеріне қалай таңғалды
"Димашпен қатты мақтанып жатырмыз. Ресейдің өзі біртүрлі болып, не істерін білмей жүр. Құдай тіл-көзден сақтасын. Шынымен де, Димаштың дауысы 6 октаваға жетіп қалды. Күнделікті өзін баптап, Алла берген дауысын дұрыс пайдаланып жүр", — деді ол.
Мұнымен қатар, Мақпал Жүнісова Әлібек Дінішев, Ермек Серкебаев сынды әншілердің де өзіндік орны бар екенін айтып өтті. Алайда мемлекет тарапынан оларға дұрыс қолдау көрсетілмеген.