НҰР-СҰЛТАН, 14 сәуір – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапармен Ташкент қаласына келді. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли фейсбуктегі парақшасында хабарлады.
Сапар аясында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен жеке және кеңейтілген құрамда кездесулер өткізіп, бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылмақ. Сондай-ақ, БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізу жоспарланған.
Бұған қоса, Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстандағы Қазақстан жылының салтанатты ашылу рәсіміне қатысады.
Бұған дейін мемлекет басшысы Өзбекстанға алғашқы мемлекеттік сапары қарсаңында көрші елдің "УзА" ұлттық ақпарат агенттігіне сұқбат берген еді.