Оқиға

Алматының қақ ортасында жылу құбыры жарылды: төрт адам күйіп қалды - видео

Коммуналдық қызметтер оңтүстік мегаполистің қақ ортасында болған жылу құбыры апатының салдарын жоюға тырысып жатыр
Sputnik

АЛМАТЫ, 10 сәуір – Sputnik. Алматыда сәрсенбі таңертең жылу құбыры жарылып, салдарынан 4 адам зардап шегіп, 7 пәтер және 8 көлік бүлінді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан "Алматы жылу желілері" ЖШС-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Апат Пушкин және Төле би көшелерінің қилысында таң алакеуім уақытта сағат 04:14 кезінде болған.

"Жылу құбыры жарылып, 4 адам күйіп қалды. Олар бірден ауруханаға жеткізілді. Одан бөлек көпқабатты тұрғын үй кешенінің 7 пәтері, сол маңға қойылған 8 көлік бүлінді", - дейді компаниядағылар.

Алматы жылу желісі зардап шегушілердің шығыны нақтылана салысымен, оны төлеуге дайын екендіктерін де айтты.

Шымкентте ескі қорғасын зауытының алып құбыры қирағалы тұр
"Адамдардың денсаулығына және мүлікке келтірілген шығын көлемі анықтала салысымен, еліміздегі заңнамаға сәйкес компания өтемақы төлейтін болады", - дейді ондағылар.

Олар жылу құбырын жөндеп, оны қайта іске қосу үшін бір күн кететінін айтты.

Баспасөз қызметі мәлімдегендей, төтенше жағдайға жылу құбырының әбден ескіруі себеп болған. Ол арада жатқан диаметрі жарты метрлік құбырлар 1993 жылы салынған екен.