НҰР-СҰЛТАН, 9 сәуір — Sputnik. "Нұр Отан" саяси партиясының президент сайлауына екі басты үміткері бар. Саясаттанушы Максим Казначеев Sputnik Қазақстанға осылай деп пікір білдірді.
"Сарапшылар қауымдастығы үшін бұл таңғалатын жаңалық болған жоқ. Билікке кезекті сайлау науқаны алдында ұйымдастыру, дайындық жұмыстарын жүргізу үшін екі-үш апта керек болған секілді", - дейді Максим Казначеев.
Оның айтуынша, Қазақстан президенті лауазымына нақты үміткерлер еліміздегі саяси партиялардың съезі өткен соң белгілі болады, олардың аты партия жиынында аталады.
"Әзірге, еліміздегі ірі партия – "Нұр Отанды" алатын болсақ, онда екі басты үміткердің атын атауға болады. Бірі қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев, екіншісі ҚР парламенті сенатының басшысы Дариға Назарбаева деп ойлаймын", - дейді ол.
Сондай-ақ саясаттанушы партия съезі кезінде "Нұр Отаннан" қосымша үміткерлер ұсынылуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды.