НҰР-СҰЛТАН, 6 сәуір — Sputnik. Нұр-Сұлтанның іргесіндегі 25 мың тұрғыны бар Қоянды ауылы күл-қоқыстың астында қалды. Тіпті, қыстан бері ауыл көшелерінде жатқан ондаған иттің өлексесі иістеніп, шіри бастаған. Оларды өртеп, не сыртқа көміп тастайтын бір адам табылмапты. Ал, ауыл әкімі болса, Қояндыны қоқыс басуына жұрттың өзін кінәлап отыр.
"Иттердің өлексесі мешіт жанында жатыр. Ауру тарайды ғой. Итті атқан соң алып кету керек. Анда-мында тастамай", - Қоянды ауылының тұрғыны Сәкен Сұлтанұлы.
Расында, мақұлықтар, тістері ақсиып көрінген жерде жатыр. Мәселен, ақ, сұр, сары түстілері мешіттің айналасында, қалған екеуі мектептің дәл қасында шіри бастаған. Ауру тарай ма деп қауіптенген жұрт сасыған өлексе мен қоқыстан әбден мезі болғандарын айтады.
"Тазаласа екен. Негізі бір машина жүретін. Бірақ, мен өз басым оны біраздан көрген жоқпын", - дейді ауыл тұрғыны Индира Телеуова.
"Мысалы бір көшеде 20 үй болса, сол көшенің 2-3 үйі ғана уақтылы төлейді. Басқасы сол 2-3 адамның атын жамылып, қоқысты жәшікке тастап кете береді. Неге қоқыс ақысын төлемейсіздер десек, бұл үйде тұрмаймын деп адам сенгісіз себеп айтады", - дейді Қоянды ауылының әкімі Айбек Есеев.
Сондықтан, әкім жаңа кәсіпорынмен келісімге отырдық дейді. Ол бір-екі күнде қоқысты шығарып, шіріп жатқан өлекселердің де көзін жоюы тиіс.
Бір қызығы әкімдік жұрттың мәдениетін арттыру үшін "тазалықты өзіңнен баста" деген банерлер іліп қойыпты. Алайда қарапайым халық бұндай жалынды ұраннан көрі, шенеуніктер нақты іспен айналысса екен деп отыр.