НҰР-СҰЛТАН, 5 сәуір — Sputnik. Шымкентте ҰҚК департаменті ұйымдасқан қылмыстық топтың алты мүшесін құрықтады. Олар жергілікті кәсіпкерлерден ақша бопсалаған, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Күдіктілердің өзге қылмыстарға қатысы болуы мүмкін. Қару-жарақ қолданумен жасалған қылмыстары да тексеріліп жатыр.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ақпаратына сәйкес, күдіктілердің жат діни ағымды ұстанатыны белгілі болған. Олардың бәрі аса ауыр қылмыс жасағаны үшін бұған дейін бірнеше мәрте сотталған екен.
"Қылмыстық топ мүшелері қылмыс үстінде қолға түсті. Олар жергілікті кәсіпкерлердің біріне сес көрсетіп, он мың доллар көлеміндегі ақша бопсалады. Тінту кезінде қылмыстық топтың қару сақтайтын жері анықталды. Қарудың бес түрі мен оқ-дәрі табылды", - деп жазылған баспасөз хабарламасында.
Қазір олардың діни себеппен жасалған қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.