НҰР-СҰЛТАН, 4 сәуір – Sputnik. Халықты әлеуметтік қолдау шараларына байланысты шығыстардың өсуі инфляцияға айтарлықтай әсер етпейді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев қаржы регуляторы инфляцияның таргеттеу саясатын жалғастыратынын атап өтті.
"Ұлттық банктің негізгі мақсаты – инфляцияны 4-6% аралығында ұстап тұру. Ұлттық банктің бағалауы бойынша, әлеуметтік қолдауға қосымша қаржының бөлінуіне байланысты шығыстардың өсуі инфляциялық үдерістердің жеделдеуіне айтарлықтай әсер етпейді. Біздің болжам бойынша биыл инфляция мақсатты дәлізде сақталады", - деді Досаев сенаттың жалпы отырысында.
Сондай-ақ, оның айтуынша, базалық ставка қаржы-несие саясатының негізгі құралы болып қала бермек. 4 наурыздағы жағдай бойынша, базалық ставка 9,25% деңгейінде қалды.
Бұған қоса, Досаев валюта нарығындағы ахуалға тоқталды.
"Валюта нарығында жағдай тұрақты. 2 сәуірде теңгенің айырбас бағамы жыл басынан бері 1,2 процентке нығайып, бір долларына 379,6 теңгені құрады", - деді ол.