НҰР-СҰЛТАН, 4 сәуір — Sputnik. Он айлық сәби медицина қызметкерінің әрекетінен зардап шекті – Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі лауазымды тұлғаларға қатысты қолданылған шаралар туралы хабарлады.
Министрліктің қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің мәліметінше, баланың күю фактісі бойынша медициналық мекемеде тексеріс жүргізілді. Салдарынан тәуелсіз сарапшылар бірнеше заң бұзушылықты, оның ішінде тәжірибесі жеткіліксіз медбикенің емдеу шараларын жүргізуге жіберілгенін анықтады. Әйел емдеу шараларын жүргізу тәртібін бұзған, деп атап өтті ведомство.
Тексеріс қорытындысы бойынша екі медбике жұмыстан шығарылып, аға медбике қызметінен алынды. Сонымен қатар, бас дәрігердің орынбасары мен емдеуші дәрігер қатаң сөгіс алды.
Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері 45 айлық есептік көрсеткіш (110 мың теңгеден астам) көлемінде айыппұл салу түрінде әкімшілік жазаға тартылды.
Сондай-ақ тексеріс қорытындысы бойынша материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау орғандарына жолданады.
Баланың жағдайы
Ведомствоның хабарлауынша, қазіргі таңда баланың жағдайы қалыпты.
"Тексеру кезінде құйрығының оң жақ бөлігі мен тік ішегін күйік шалғаны анықталды. Балаға ректоскопия жасалды, некроз және қан кетудің белгілері байқалмады. Тоқ ішектің қалған бөліктері өзгермеген. Бала консервативтік ем алып жатыр", - делінген хабарламада.
Баланы емдеу Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында.