Саясат

Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің алдағы ұстанымы қандай болатынын айтты

Президент Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығы мемлекетаралық байланыс үлгісі бола алатынын мәлімдеді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 2 сәуір — Sputnik. Қазақстан мен Ресей бірлесе шеше алмайтын мәселе жоқ, деп мәлімдеді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев " Российская газета"  басылымына берген сұхбатында.

Назарбаев: Тоқаев менің артқан үмітімді ақтайды деп сенемін

Президенттің айтуынша, алдағы келіссөздер барысында екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайту мәселесі басты назарда болады. Ол сауда-экономикалық, инвестициялық, ғылыми-техникалық, мәдени-гуманитарлық байланысты нығайту мүмкіндігі зор екенін атап өтті.

"Алдағы келіссөздер барысында стратегиялық әріптестік пен ынтымақтастығымызды дамыту мәселесіне басты назар аударылады деп ойлаймын. Қазақстан мен Ресей Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымында да сенімді серіктес. Сауда-экономикалық, инвестициялық, ғылыми-техникалық, мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтудың әлі де әлеуеті зор деп есептеймін", - деді ресейлік журналист сауалына жауап берген президент.

Тоқаев инаугурациядан соң бірден шақырту жолдаған Ресей президенті Владимир Путинге алғыс білдірді.

Тоқаев: Бізге надан­дықтан құтылу қажет

"Бұл - менің Ресейге президент ретінде алғаш келуім. Екі мемлекет арасындағы достық, одақтастық, стратегиялық серіктес байланысы жалғасады. Қазір Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығы мемлекетаралық байланыстың үлгісі бола алады", - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы әлемдегі саяси ахуалға қарамастан, Қазақстан Еуразия кеңістігінде интеграциялық процестерді жалғастыратынын жеткізді. Сондай-ақ, Батыс пен Ресей арасындағы мәселелердің оң шешімі табылатынына сенім білдірді.

Еске сала  кетсек, Қазақстан президенті 3 сәуір күні ресми сапармен Мәскеуге  барады.  Бұл – Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекет басшысы ретіндегі алғашқы шетелдік сапары болмақ. Ол 2019 жылдың 20 наурызында ант беріп,  Қазақстан президенті қызметіне кірісті.