НҰР-СҰЛТАН, 2 сәуір – Sputnik. Қазақстанның Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзі туып-өскен Шамалған ауылында болып, жерлестерімен кездесті.
Нұрсұлтан Назарбаев ауыл қазақтың темірқазығы, отанды сүю туған жерді ардақтаудан басталады деді. Қазіргі таңда елді мекендерді дамыту бойынша көптеген бағдарламаның қолға алынғанын жеткізген Елбасы ауыл тұрғындарын ел игілі үшін еңбек етуге шақырды. Шамалғанның алғашқы іргетасы 1910 жылы қаланған. Ұшқоңыр тауларының баурайында орналасқан шағын ғана ауыл халқы бүгінде 20 мың адамнан асып отыр.
"Ауылыңа келгенде жастық шағың есіңе түседі. Мемлекетімізді аяғына нық тұрғызу үшін қанша қиын-қыстау кезеңнен өттім. Сонда осы Шамалғанда әкеммен жүрген кезім есіме түскенде шаршағаным басылатын. Адамның кіндік кескен жері болады. Ол бірінші отаны. Сол бірінші отан арқылы Үлкен отанды сүйіп, адам патриот болады. 170 елді араладым, 200-ден астам президентпен кездестім. Соның бәрі елдің қамы. Тәуелсіздік жылдары күндіз-түні жұмыс істедім", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.