Қоғам

Қызылордадағы апат: 4 сарбаздың денесіне генетикалық сараптама жасалып жатыр

Тікұшақ апатына байланысты арнайы комиссия құрылып, Қызылорда қаласына аттанған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 1 сәуір – Sputnik. Қазақстанның әскери-әуе күштерінің қолбасшысы, авиация генерал-майоры Дәурен Қосанов апаттан көз жұмған 4 әскери қызметшінің денесі медициналық тексерістен өтіп жатқанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Авиация генерал-майоры апаттан қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасына көңіл айтты.

Ми-8 апаты: қаза тапқан әскеридің бірі туыстарына хабарлама жіберген
"Әуе апатынан 13 жігітіміз қаза тапты. Олардың туған-туыстарына көңіл айтамын. Бұл – орны толмас ауыр қайғы", - деді Дәурен Қосанов.

Кейін ол тікұшақ апатының мән-жайына тоқталды.

"27 наурызда Астана уақытымен сағат 18:30-де Қазақстан қарулы күштеріне тиесілі 4 тікұшақ Ақтаудан Шымкент қаласына ұшып келе жатқан. Жалағаш ауылының жанында бір тікұшақ апатқа ұшырады. Салдарынан 3 ұшқыш, 10 сарбазымыз қаза тапты. Қираған ұшақтың ішінде майор, екінші санаттағы ұшқыш Роман Казтулов болды", - деді авиация генерал-майоры.

Сонымен қатар Дәурен Қосанов апат болған күні арнайы комиссия құрылып, Қызылорда қаласына ұшып шыққанын хабарлады. Оның айтуынша, 4 сарбаздың денесіне медициналық сараптама жүргізіліп жатыр.

"Қазір 9 әскери қызметшінің денесі туған жеріне жерленді. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында 4 әскери қызметшінің денесіне генетикалық сараптама жасалып жатыр. Кейін олардың денесі туған жеріне жіберіледі", - деп түйіндеді сөзін Дәурен Қосанов.