Қазір әлеуметтік желі деген жақсы болды. Ел, ең алдымен жапа-тармағай осыған үңіледі. Айналадағыны білгісі кеп. Тіпті, теледидар, газет қараған жан да қайта оралып осы желіге кіреді. Ондағысы естіген, оқыған хабары туралы желідегілер не деп жатқанын білу баяғы.
Иә, мұнда өз-өзіне сенімсіз адамдар қарағысы жоқ. Әсіресе, ақ жағалылар дегенім ғой. Жандайшаптарынан тек жақсы сөз естіп үйренген олар мұнда кірсе кәдімгідей "ауырып" қалады. Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді деген өйткені. Жауып немесе бұғаттай да алмайды бұл бәлені мүлде. Содан қайтеді, еріксіз көнеді. Ел желіде өзі туралы не деп жатса да...
Негізі, саясаткерлердің желіге үрке қарайтын жөні бар. Бұл ақпараттық жүйе бір шенді түгілі бір мемлекеттің билігін төңкеріп тастайтын әлеуеті барын әлдеқашан дәлелдеген. Оған қоса осы желідегілермен санасқандардың бағы жанатыны да рас. Содан да болар, бүгіндері көптеген әлемнің көшбасшылары желідегілермен санасып жүр.
Соның арқасында қалың қауым да өздері ел тұтқасын сеніп тапсырған адамның неғып жүргенін қадағалауға мүмкіндік алды. Бір сөзбен айтқанда, билік пен халықты жақындата білген желі демократиялық, құқықтық қоғамның алғышарты бола алып жүр.
Көшбасшы демекші, біздің жаңа президент Қасым-Жомарт Тоқаев та желіні белсенді қолданушылардың бірі екен. Оқырманының өзі 110 мыңнан асады. Бұл - өте белсенді қолданушыларға тән көрсеткіш.
Ол кісіні, өз басым фейсбуктен бұрын көзім шалмапты. Сөйтсем мен жоқ твиттерде екен ғой. Ерінбей, көз сүзіп, қарап шықтым парақшасын. Дән риза болдым десем артықтау шығар. Бірақ, таң қалғаным рас енді. Неге дейсіз бе?..
Себебі бас салғаннан, шендінің емес, қарапайым қатардағы ел азаматының парақшасына кіріп кеткен секілді болдым. Әдетте, мысалы министрлер блогы ресми сұрақ-жауаптан тұрады емес пе? Онда да қатып қалған бір стандарттары бар, ол арада не жазғандарын өздері ғана түсінетін. Ал мұнда алақанға салғандай бәрі де ұғынықты: "тіршілік" бар, эмоция бар, оқиғалар тізбегі бар. Бір ұққаным, ол кісі өз парақшасын өзі жүргізіп отырады екен.
Мысалы, галстуксіз мына бір суреті көзіме оттай басылды. Қасындағысы - жазушы Әкім Таразидың жары Роза Мұқанова.
"Бүгін "Жастар театрында". "Ғасырдан да ұзақ..." қойылымының премьерасына келген көрермендермен бірге. Сол жағымда пьеса авторларының бірі- Роза Мұқанова" деп жазыпты астына.
Естеріңізде ме, Головкин Алварестен жеңілгенде сұмдық боп еді ғой. Осы желіде балалар жылап, әйелдер ана әділқазыларды әбден сыбап жер тепкілеген еді. Қанша дипломат болса да Тоқаев та өз эмоциясын жасыра алмапты-ау сол кезде. "Жеңді ғой" деген ол кісі де күйініп.
"Маған да жеңген секілді көрінген. Головкин ұпаймен жеңді деп ойлаймын. Бірақ, көрдіңіздер ме, әділқазылар басқалай пікірде, олармен сөзталастыру босәурешілік..." деп жазыпты мұндағы жүйенің қандай екенін ақырындап меңзей сынап.
Елдің төбесіне жай түскендей әсер еткен Астанада өртенген бес баланың қазасы туралы хабарды да Тоқаев қабырғасы қайыса қабыл алған.
"Астанада өрттен мерт болған бес баланың қазасы туралы хабарды қатты қайғыра отырып қабыл алдым. Балақандардың туған-туыстарына, жақындары көңіл айтамын. Жалпы, бұл жағдай тиісті мемлекеттік органдармен қатар жалпы қоғам үшін сабақ болуы тиіс", - деп жазыпты бұл ретте саясаткер мұның қоғамдағы былық-шылық екенін көрсетіп.
Бұдан бөлек былық-шылықтан да ол кісі хабардар екен, негізі. Біліп отыр. Пәтер кезегіне қатыстыны, білім саласындағыны, медицина саласындағыны, құқық қорғау саласындағыны, бәрін-бәрін. Бұған қатты жаны ауыратынын мына жазбаларынан көруге болады.
"Тұрғын үй мәселесіне ерекше назар аудару керек. Былық-шылық, бассыздық, адамдар әне жазып жатыр. Мәселе неде? Мәселе Ұлттық банк пен Үкіметтің өз әрекеттерін келісе отырып, қимылдай алмайтынында. Салдарынан бағдарлама тиімділігін жойып, елдің көңілі қалуда" десе бір жазбасында, тағы бір жерінде:
"Елдің медициналық қызметке көңілі толмайды. Тегін қызметіңіз қолжетімсіз, қол жетсе тиімсіз. Бәрібір адам қалтасынан ақша шығарады. Өйткені тегін және ақылы түрде көрсетілетін медициналық қызметтің аражігі айқын емес бізде", - деп көптің жанына батып жүрген мәселеге өз оқырмандарының назарын аударыпты.
Оған қоса мұғалімдерді шала бүліндіріп, жаппай ағылшын тілін оқытуға бағыттаған білім реформасына да түбегейлі қарсы екенін ашық айтқан. Бірақ онысын дипломатия тілімен жәйлап қана жеткізген. Әйтпесе "тіл деген ойыншық емес, бұл шала сауатсыздық" дегенге келеді астарлы сөзінің астындағы негізгі ой.
Тағы бір жерінде елмен бірге қуанып, елмен бірге шаттанады. Әлемді тамсандырған ел мақтаныштары - Димаш Құдайберген, Самал Еслямова, Динара Сәдуақасовалар үшін қуаныпты. Ілтипат білдіруді де ұмытпапты.
"Жас шахматшы Динара Сәдуақасованың "Шахмат ойнап үйренейік" кітабы жарық көрді. Шахмат өнеріне арналған қазақ тіліндегі бұл тұңғыш туынды көпшілік қауымға аса қажет әрі пайдалы. Құттықтаймын!" депті мысалы.