НҰР-СҰЛТАН, 29 наурыз – Sputnik. Ақорда сайтында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өмірбаяны жарияланды. Онда Тоқаевтың ажырасқаны жазылған, бұған дейін ашық мәліметтерде әйелі Надежда Давыдовна екені көрсетілген еді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Саламатты өмір салтын ұстанады. Көркем шығармаларды, саяси және мемуарлық бағыттағы әдебиеттерді оқығанды ұнатады. Ажырасқан. Ұлы – Тимур Қасым-Жомартұлы Тоқаев", - деп жазылған президенттің сайтында.
Бұған дейін Википедияда ел басшысының жұбайы 1957 жылғы Надежда Давыдовна Тоқаева екені көрсетілген еді. Ал қазір онда ол бұрынғы әйелі екені айтылған.
Қ.К.Тоқаев 1975 жылы Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институт бітірген. КСРО-ның Қытай Халық Республикасындағы елшілігінде диплом алдындағы тағылымдамадан өткен. 1983-1984 жылдар аралығында Бейжің лингвистика институтында тағылымдамадан өтті. 1992 жылы Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын тәмамдады.
Еңбек жолын 1975 жылы КСРО-ның Сыртқы істер министрлігінде бастап, Кеңес Одағының Сингапур Республикасындағы елшілігіне жұмысқа жолданған. 1979 жылы КСРО Сыртқы істер министрлігінің аппаратына оралады. 1984-1985 жылдар аралығында КСРО Сыртқы істер министрлігінде қызмет атқарып, кейіннен Кеңес Одағының Қытай Халық Республикасындағы елшілігіне жіберілді. Онда 1991 жылға дейін екінші хатшы, бірінші хатшы және кеңесші лауазымдарында қызмет істейді.
Тағы оқыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаевтың руы кім – президент туралы қызықты деректер
1992 жылы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасары болып тағайындалады. 1993 жылы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары болды. 1994 жылы еліміздің Сыртқы істер министрі болып тағайындалады. 1999 жылғы наурызда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары болды. 1999 жылғы қазанда Парламенттің келісімі бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Премьер-Министр болып тағайындалды. 2002 жылғы қаңтарда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі болды. 2003-2007 жылдары – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі. Бұл қызметте жаһандық ядролық қару-жарақты таратпау үдерісіне белсенді атсалысты.
2011 жылғы наурызда БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры, сондай-ақ Қарусыздану жөніндегі конференцияда БҰҰ Бас хатшысының жеке өкілі болып тағайындалды. Сонымен қатар Қарусыздану жөніндегі конференцияның Бас хатшысы лауазымын атқарды. ТМД-ның және Шанхай ынтымақтастық ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің төрағасы болып сайланды.
2013 жылғы 16 қазанда Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының Төрағасы болып қайта сайланды.
2019 жылғы 20 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті ретінде ант қабылдады.
Тағы оқыңыз: Тоқаев Тұрсынбек Қабатовтың ұсынысына қолдау білдірді
2007 жылдан бастап «Нұр Отан» партиясының және осы партияның саяси кеңесі бюросының мүшесі. Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі. Төтенше және Өкілетті Елші. Саяси ғылымдарының докторы. Дүниежүзілік гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдары академиясының толық мүшесі. Қауіпсіздік жөніндегі Мюнхен конференциясы «Ғұламалар кеңесінің» мүшесі. Шэньчжэнь университетінің (ҚХР) және Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық академиясының құрметті профессоры. Қазақстанның халықаралық қатынастар жөніндегі кеңесінің құрметті президенті. Женева Дипломатия және халықаралық қатынастар мектебінің құрметті деканы. Ресей биографиялық қоғамының тұжырымы бойынша 2018 жылдың «Жыл адамы» лауреаттарының тізіміне енген. 13 жыл бойы Қазақстанның үстел теннисі федерациясын басқарды.
Тағы оқыңыз: "Көкеме қарыздармын" Тоқаевтың есімі неге екі сөзден тұратыны белгілі болды
Халықаралық қатынастар мәселелеріне арналған 10 кітаптың авторы.
Қазақстан Республикасының және шет елдердің көптеген мемлекеттік наградаларымен, сондай-ақ медальдармен марапатталған.