Әлем

Сирек кездесетін дертке шалдыққан студент тәулігіне 22 сағат ұйықтауға мәжбүр

Англия тұрғыны сирек кездесетін "ұйқыдағы ару" синдромы жайлы айтып берді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 26 наурыз – Sputnik. Британдық студент неврологиялық сырқат салдарынан тәулігіне 22 сағат бойы ұйықтайды, деп хабарлайды Metro басылымы.

Сирек кездесетін дерт Рода Родригез-Диаздың күнделікті өмірін қиындатып жіберген. Бір жолы ауруы асқынып, ұстамасы 3 аптаға созылыпты. Ол кезде ас-су ішу үшін ғана оянып, қайта ұйықтауға мәжбүр болған.

"Мен кейде ұйықтап тұрғаннан кейін бір апта өмірімнің өтіп кеткенін байқаймын. Сондай кезде қатты қиналамын", — деп күйінеді 21 жастағы қыз.

Күйзеліс пен ұйқы қанбау: қазақстандықтар қалай өмір сүреді?

2018 жылы Родригез-Диаз емтиханның жартысы мен курстық жұмысын уақытылы тапсырмағаны үшін университеттен шығарылған. Осы жайттан соң қыз терапевтке барып қаралады. Дәрігер диагноз қойғаннан кейін студентті институттың екінші курсына қайта қайта қабылдапты.  

Бала кезінде үнемі ұйқы басып, тез шаршай беретін қызға гиперсомния диагнозы қойылған екен. Сырқатының салдарынан оқу оқып, спортпен шұғылдануға мүмкіндік болмапты.  

"Кездесуге неге келмегенімді, қайда болғанымды түсіндіру қиын. Бұл сырқат өте сирек кездеседі. Сондықтан жұрттың басым көпшілігі жағдайымды түсінбейді. Сонда да бұл дертпен күресіп келемін. Өміріме тигізер зиянын барынша азайтуға тырысамын", — дейді Рода Родригез-Диаз.

Ғалымдар ұйқы кезінде мида не болып жататынын анықтады

Ол дәрігерге қаралғаннан кейін беті бері қарағанын айтады, уақыт өте келе сырқатты жеңетініне сенімді.

Клейне-Левин немесе "ұйқыдағы ару" синдромына жастар жиі шалдығады. Дәрі-дәрмектің көмегімен ауру белгілерін жеңілдетуге болады. 40 жастан кейін науқас бұл дерттен біртіндеп айыға бастайды екен. Мұндай сырқат 1 миллион адамның біреуінде ғана кездеседі.