Оқиға

Нұр-Сұлтан қаласында үш автобус соқтығысты: қаза тапқандар бар - видео

Жол апаты салдарынан қоғамдық көліктің жүргізушісі мен бір жолаушысы қаза тапқан
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 26 наурыз - Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласында үш автобустың қатысуымен ірі жол апаты болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Полиция хабарлағандай, 26 наурыз күні Ұлы Дала көшесі мен Қабанбай батыр даңғылы қиылысында қала маңына қатынайтын №303 автобус пен №12 бағдарлы автобус соқтығысқан. Кейін оларға №53 қоғамдық көлік пен жедел жәрдем көлігі соғылды.

"Жол апаты салдарынан №303 автобустың жүргізуішісі мен бір жолаушысы қаза тапты", - деп мәлімет берді полиция департаменті.

Қазір полицейлер оқиға орнында жұмыс істеп жатыр, көлік апатының мән-жайы анықталуда.

Әлеуметтік желіде жол апаты болған сәтте түсірілген жантүршігерлік видео жарияланды.

Елордада болған жантүршігерлік жол апаты орнына қала әкімі Бақыт Сұлтанов та барды.

Нұр-Сұлтан қаласында үш автобус соқтығысты: қаза тапқандар бар - видео

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің жетекшісі Эльвира Жургенбаева Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жол апатының қалай болғанын жазды.

Оның айтуынша, оқиға 26 наурыз күні таңғы сағат 9.40 шамасында болған, салдарынан 25 адам зардап шегіпті.

"Ұлы дала көшесі мен Қабанбай батыр даңғылының қиылында 3 автобус пен жеңіл көлік соқтығысты. Қала сыртына қатынайтын №303 автобусы №12 бағдарлы автобуспен соқтығысқан. Содан соң №53 автобус пен жедел-жәрдем көлігі апатқа ұшыраған. Жол апатының қалай болғаны анықталып жатыр. Бастапқы мәлімет бойынша зардап шеккендер бар. Оқиғаның мән-жайы анықталған бойда, қосымша хабарлаймыз", - дейді ол.