Саясат

Тоқаев жасаған ауыс-түйіс нені білдіреді - саясаттанушылардың пікірі

Қазақстанда бүгінде болып жатқан кадрлық ауыс-түйістер ішкі ғана емес, сыртқы әлемнің де назарында
Sputnik

АЛМАТЫ, 26 наурыз – Sputnik. Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтататынын жария ете салысымен, көптің назары қазір саяси сахнадағы өзгерістерде болып тұр. Жаңа президент болған Қасым-Жомарт Тоқаев кадрлық ауыс-түйіске жең түре кірісіп те кетті. Бұл ауыс-түйістер нені білдіреді, одан қандай да бір жаңашылдықты күтуге бола ма?

Бұл сауалдарға қатысты Sputnik Қазақстан тілшісі саясаттанушылардың пікірін сұрап-білді.

"Қалетаев – көп үміт күтетін жастың бірі..."

Саясаттанушы Дос Көшім бұрынғы үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың ҚР Президенті әкімшілігінің басшысы боп тағайындалуын құп көретінін айтады.

"Біз ол кісімен тарихи жайт - Жер кодескі талқылауында бірге жұмыс істедік. Мойындау керек, өзгелермен санаса білетін сауатты басшы. Сол кісінің арқасында көп ұсынысымыз қабыл алынды", - дейді ол.

Дегенмен саясаттанушы Марат Тәжиннің мемлекеттік хатшы болуын түсіне алмай дал.

Бақытжан Сағынтаев пен Әсет Исекешев қызметінен босатылды
"Ол кісі саяси технолог. Сауатты әрі салмақты тұлға. Қазақ тарихын қайта қарап, қайта түзу туралы жақсы ой айтып, керекті мәселені көтеріп жүрген адам. Сондықтан ол кісінің орны басқа жер еді негізі", - дейді ол.

Дос Көшімнің пікірінше, Дархан Қалетаев өз орнын тауып барған, көп үміт күтетін жастың бірі.

"Ол премьер-министр кеңсесіне кеткенде артындағылар шулап қалған. Өйткені Қоғамдық даму министрлігінде жүргенде ол көптеген жақсы жобаны іске қосқан. Соның бәрі жайына қала ма деп қорыққан мамандар. Енді ол өз орнына келген секілді", - дейді ол.

"Тәжин жаңа ұлттық социум қалыптастыруға тырысуы мүмкін"

Ал саясаттанушы Ерлан Сайыров Тоқаевтың өз жұмысының насихатында идеологияға бәс тігіп отырғанын болжайды. Сондықтан, оның ойынша, Тәжинді мемлекеттік хатшы қылуы кездейсоқтық емес.

"Тажин сана модернизациясы, тарихқа жаңа көзқараспен қарау, ұлттың рухани әлемі сынды құндылықтарды насихаттауға ден қоюшы тұлға. Сондықтан бұл тағайындау, меніңше, идеологиялық саясаттың ұлттың рухани жаңғыруына, тарихымызды қайта парақтап, баға беруге қарай бағыт алғанын байқатады", - дейді ол.

Оның айтуынша, Тәжин бүгінгі әлеуметтік ағымға ілесе алатын, тарихи тегіне сүйенетін жаңа ұлттық социум қалыптастыруға тырысады.

Марат Тәжин Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды
"Ойлары либеральды тұлға ғой. Қазақстандық демократияның "жаңа моделін" ойлап табуы да мүмкін ол кісінің. Қалай дегенмен де еліміздің демократиялық көрсеткішін көтеру керек қазір. Қоғамның да, уақыттың да талабы қазір осы, бір өзгеріс керек. Ал ол өзгеріс осындай сипатта болады деп ойлаймын", - дейді Сайыров.

Саясаттанушы Сағынтаевтың өзгенің пікірін сыйлап, тыңдай білетін, бірақ сонымен қатар өз позициясын да мықтап ұстанатын тұлға екенін айтады.

"Қазір ішкі элитамен үлкен жұмыс істеу керек. Бұл арада білікті модераторлар қажет. Қалай дегенмен де мұны олар қоғамдық процестер либерализациясынан бастаса дейміз", - дейді ол.

"Сол баяғы фигуралар..."

Саясаттанушы Әзімбай Ғали қазір биіктің әр қадамын баққан қоғам мен басқа әлем либералдық даму алғышарттарының көрініс беруін күтіп отырғанын айтады.

Тағы оқыңыз: Назарбаев пен отбасы қандай кепілдікке ие?

"Қазақстанда саяси өзгеріс боп жатыр. Бүкіл әлемнің назары қазір бізде. Әрине, Батыс демократиялық талаптардың орындалуын қадағалайды мұндайда. Сондықтан Тоқаев бас болған саяси команда үлкен сын алдында тұр", - дейді ол.

Алайда саясаттанушы осыған дейінгі кадрлық ауыс-түйістерден өзгеше нышанды байқамағанын айтады.

"Жаңаша леп әкелетін адамды көріп тұрғаным жоқ.. Орнын алмастырғаны болмаса. Мүмкін басты көзірді әзірге артқа қалдырып отырған шығар. Сондықтан әліптің артын баққан біздікі", - дейді саясаттанушы жоғарыдағы ауыс-түйіске қатысты көзқарасында.

Айта кетсек, бұрын ҚР Президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болған Марат Тәжин ҚР Мемлекеттік хатшысы, бұрын үкіметті басқарған Бақытжан Сағынтаев ҚР Президенті әкімшілігінің басшысы боп тағайындады. Ал Ғалымжан Қойшыбаев ҚР Премьер-министрі кеңсесінің басшысы болды. Бұған дейін бұл қызметті Дархан Қалетаев басқарған еді. Қазір ол ҚР Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болды.