АСТАНА, 18 наурыз – Sputnik. Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров атаулы әлеуметтік көмек мөлшері ұлғайған кезде, азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін қандай шаралар қолға алынатынын сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Біздің елде жалақы көтерілсе, зейнетақы өссе, азық-түлік, сосын халыққа ең қажетті тұтыну заттарының барлығы қымбаттай бастайтынын білесіздер. Бұл қалыптасқан жағдай... Бағаның тұрақтылығы әлеуметтік қорғау жағына да жақсы ғой. Сол бойынша тиісті министрліктер бағаны реттеу шараларын қарастырылды ма?", - деп сұрады Бекназаров еңбек министрінен сенатта өткен үкімет сағатында.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев мұндай проблема барын жоққа шығармады.
"Өкінішке қарай мұндай құбылыс бар. Мұның бәрі екі ортада жүрген алыпсатарлар мен саудагерлердің әрекеті. Жақында ғана үкімет басшысы тиісті министрліктерге тапсырма берді. Басқаның бәрін қойғанда, Өзбекстаннан келетін көкөніс Астана мен Алматының базарында екі есе қымбатқа сатылады", - деді министр.
Ол арнайы жұмыс тобы құрылғанын, олар жергілікті билікпен жұмыс істейтінін атап өтті.
"Алыпсатарды құртпай, еш уақытта бағаны реттей алмаймыз", - деді Сапарбаев.