АСТАНА, 16 наурыз — Sputnik. Астанадағы еңбекпен қамту орталығы тұрғындардан 1 сәуірге дейін атаулы әлеуметтік көмек сұрап, мазаламауды сұрады.
Көмек сұрай барған алты баланың анасы Жанар Өмірбековаға мамандар осылай кеңес беріпті. Көпбалалы ана бұған дейін атаулы әлеуметтік көмек сұрап бармаған. Жәрдемақы мөлшері аз болса да, оны қайта рәсімдеуге уақыты болмапты.
"Енді 1 сәуірден бастап, бұл шаңыраққа берілер әлеуметтік көмектің көлемі шамамен 14 есеге дейін көбейеді",- дейді мамандар.
Әр балаға 21 мың теңге қашаннан бастап төлене бастайды?
"Бұл отбасыға 153 мың теңге төленеді. Сондықтан, 1 сәуірден бастап Еңбекпен қамту орталығына жолығыңыз. Төлемақы мөлшері 6 айға есептелетіндіктен, қазір бізге жолығудың қажеті жоқ. Сізді қазір қабылдаса, 11 мың теңге ғана тағайындайды. Сосын жарты жылдан кейін ғана келесіз. Ал 1 сәуірде бір келсеңіз, тиісті сома түгел есептеледі", - деп түсіндірді Астана қаласы Алматы ауданы еңбекпен қамту және әлеуметтік қорғау бөлімінің басшысы Инна Филаретова.
"Қазір әрбір аймақтағы төменгі күнкөріс мөлшері тоқсан сайын өзгереді, әр өңірде түрліше есептеледі. Сондықтан, көмек көлемін нақтылау үшін министрліктің шешімін күтеміз. Бұл жәрдемақы ел аумағындағы немесе белгілі бір облыстағы төменгі күнкөріс мөлшеріне негізделеді", - дейді бөлім басшысы.