Қуыршақ театры 1935 жылы құрылған. Үш жылдан соң Республикалық қуыршақ театры деп аталды. Ол Қазақстандағы көне қуыршақ театры боп саналады. Театрдың құрылуы Сейфолла Телғараев пен Олег Гасюк есімдерімен тығыз байланысты. Мұндағы алғашқы қойылымдардың музыкасымен атақты композиторлар Борис Ерзакович пен Латиф Хамиди айналысқан.
Театр тарихы
Орта Азия елдері қатысқан 1969 жылғы Ташкенттегі, 1975 жылы Фрунзедегі қуыршақ тетарлары фестивалінің лауреаты болды, 1979 жылы Ташкентте өткен Азия елдерінің қуыршақ театрлары халықаралық фестиваліне де қатысты.
Театр әртістері
Өз тарихында театр бірнеше буынға жалғасатын талантты актерлерді, қуыршақ ұсталарын, режиссерлер мен суреткерлерді тәрбиелеп шығарды. Олардың қатарында Ю.Рутковский, П.Пашков, Л.Ленгорская, В.Горенберг, П.Поторока, халық әртістері Сұлтанғали Шүкіров, Серік Кабиғожин, ҚР еңбегі сіңірген әртістері Борис Слонов, Бекболат Парманов және тағы басқалары да бар.
Театр репертуары
Театр өз тарихында А.Пушкиннің "Сұлтан патша туралы ертегі", С.Образцовтың "Аға Иван", А.Юдович пен А.Гориннің "Ормандағы айқас", Ш.Хусаиновтың "Алдар Көсе мен Шығайбай", Н.Оразалиннің "Чемпион Қожанасыр" және тағы басқа қойылымдарды сахналады.
Театр репертуарында 22 спектакль бар. Оның көбісі халық ертегілері, аңыздар, шығыс және батыс классикасы: "Қанбақ шал", "Атамекен", "Керуен-Дала", "Тарқамайды тойымыз", "Чемпион Қожа", "Ертегілер әлемінде қонақта: Шалқан, Маша және Аю, Үйшік", "Кішкентай бақаның шытырман оқиғасы", "Мейрам жалғасады", "Аладдиннің үлкен шамы, "Үш торай", "Али баба және қырық қарақшы", "Алтын балапан", "Арыстанның қорқынышын қалай емдейміз" және басқалар.