АСТАНА, 12 наурыз – Sputnik. "7-20-25" бағдарламасы бойынша қарызды онлайн режимде алдын ала мақұлдауға мүмкіндік беретін жүйе іске қосылмақ, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Біз Қазақстан азаматтары үшін "7-20-25" бағдарламасы бойынша заемды онлайн режимде алдын ала мақұлдауға мүмкіндік беретін механизмді әзірлеп жатырмыз. Бұл қарыз алушыға қашықтықтан ипотекалық кредит алуға мүмкіндік жасайды. Осылайша, клиент үйден шықпай-ақ кредит ала алады. Тек азаматтың компьютері интернетке қосылуы қажет және электронды цифрлы қолтаңбасы болса жеткілікті", - деді төраға.
Оның айтуынша, онлайн жүйе азаматтарға екінші деңгейлі банктерге бармай-ақ, қажетті анықтамаларды жинамастан төлем қабілеттілігін растауға мүмкіндік туғызады.
"Бұл қарыз алушының төлем қабілеттілігін бағалау мақсатында іске асырылғалы отыр. Осылайша, азаматтар табыстары мен шығыстары туралы ақпаратты автоматты түрде ала алады", - деді Қайрат Алтынбеков.