Қоғам

Өзбекстандағы шенді қазақ: құжатындағы "қазақты" өзгертпеген генерал Құдайбергенов кім?

Өзбекстанда қарапайым мектеп мұғалімінен мемлекет қайраткеріне дейін өскен Тұрсынхан Құдайбергенов туралы Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз
Sputnik

ҚЫЗЫЛОРДА, 10 наурыз – Sputnik, Ерасыл Шәрібек. Бұл кісі туралы бізге Қызылорда қаласының тұрғыны, ішкі істер саласының ардагері, отставкадағы полковник Хабибулла Жұмаділлаев айтқан еді. Ол Ташкентке барып, жолыққанын, ағайын ретінде құрмет жасағанын жеткізді. Осыдан кейін қандасымыз жайлы терең ізденуге көштік.

"Бір мәселеміз бар еді, оны да Мирзиеев шешіп берді": Өзбекстандағы қазақтардың өмірі
Тұрсынхан Құдайбергенов Ташкент облысы Шыназ ауданында туған, яғни Өзбекстанда. Дегенмен әкесі Айдар қызылордалық. Жаңақорған ауданының тумасы. Кезінде ашаршылық заманында өзбек жеріне көшіп барған. Еті тірі ол колхоз басқарып, бүгінде сол колхоз Айдар атында аталады.

Әкеден ерте қалған Тұрсынханның қарапайым мектеп мұғалімінен мемлекет қайраткеріне дейін өсуіне әкесінің достары Сатыбай мен Ишан есімді шаруашылық басқарған азаматтар көмектеседі. Дәл сол кезде Өзбекстан компартиясы Орталық комитетінде хатшы болып келген Владимир Григорьевич Грищуктың ықпалымен құқық қорғау саласына ауысты.

Алдымен ол 1982 жылы КСРО ІІМ академиясында оқып, кейіннен  Хорезм және Ферғана областық ішкі істер департаментін басқарды. Билік басындағылар оны 2006-2010 жылдары Ферғана областық ішкі істер департаментінің басшысы етіп жіберді. Өңірде қоғамдық тәртіпті күшейту мақсатында арнайы жіберілген болуы тиіс, өйткені Ферғана облысында қоғамдық толқу өршіп тұрған еді.

Осы халық наразылығын басу үшін әдейі Тұрсынханның талапшыл принципі қажет болған секілді. Сөйтіп, Ферғана облысындағы көтерілісті басудағы Тұрсынханның табандылығы мен қырағылығы ел президентінің назарына ілікті.

2001-2006 жылдары Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың құқық қорғау және бақылау органын үйлестіруші мемлекеттік кеңесшісі болды. Ішкі істер органынан бірден мұндай биік лауазымға бару күтпеген жағдай.

Өзбекстан қазағы: Атажұртқа оралуға асықпаймыз
Дегенмен мемлекет басшысының сенімінен шығып, өзін білікті басшы ретінде танытқаны тектілігі де болар, Тұрсынхан Айдарұлы құжатындағы "қазақ" деген ұлтын өзгерткен емес. Шын мәнінде, Өзбекстанда мемлекеттік саясатта мұндай мәселе "томпақ" келетін еді.

Генерал Тұрсынхан Айдарұлын 2010 жылы  Төтенше жағдайлар министрі етіп тағайындады. Министрлікті табаны күректей жеті жыл  басқарды. Құрметті демалысқа шықты. Бірақ жақсы қызметкерді кім жібергісі келеді?

Ел президенті алмасып, мемлекет басына Шавкат Мирзиеев отырды. Жаңа президент те Тұрсынханды жанына алды. Сөйтіп, мемлекеттік кеңесші етті. Бұл жолы ол жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарауды үйлестірді және бақылау жасады.

Шет елдегі шенді қазақты жаңа президент жақында мемлекеттік кеңесшімен қоса, Төтенше жағдайлар министрі етіп қойды. Билікте жүрген қандасымыздың отбасылық өмірі де өнегелі, оның үш ұлы және қызы бар, немере сүйген ата.