Қоғам

Өзбекстан қазағы: Атажұртқа оралуға асықпаймыз

© Sputnik / Айымгүл ӘбілСерікбай Үсенов, Өзбекстан қазағы
Серікбай Үсенов, Өзбекстан қазағы - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Бүгінгі күні өзбек елінде 1 миллионнан астам қазақ тұрып жатыр

АСТАНА, 23 маусым — Sputnik, Айымгүл Әбіл. Астанада үш күн бойы Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы өтті. Жиынға әлемнің алыс және жақын 39 елінен 350 қандасымыз келді. Тарихи Отанға көрші өзбек елінен ат терлетіп келген Серікбай Үсенов құрылтайдан алған әсері және Өзбекстан қазақтарының өмірі туралы әңгімелеп берді. 

Казахстанцы, архивное фото - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Қандасымыз Қытай үкіметінің қазақтарға істеп отырған қиянатын Елбасыға жеткізді

Серікбай Үсенов — Өзбекстандағы қазақ ұлттық-мәдени орталығының төрағасы. Сол жерде туып-өсіп, көп жыл мемлекеттік қызметте істеген. 

"Ата топырақ Қазақстан болса, ана жеріміз осы ел, осы жерде өсіп-өніп жатқан жағдайымыз бар. Балаларым жоғары оқу орындарын бітірді. Тегін оқыттым. Лауазымдар беріп жатыр. Мен өзім он төрт жыл үш аудан әкімінің орынбасары, әкім болдым. Қай қазаққа басқа мемлекетте осындай жасайды мәселен. Сол сияқты генерал ағаларымыз бар. Бүгінде президентіміздің мемлекеттік кеңесшісі қазақ — Тұрсынхан Құдайбергенов.  Сол сияқты Айдарқұлов деген ағамыз Науаи уалаятының әкімі, Әлішер Ғаппарұлы он жылдай аудан әкімі болды. Жетпіс пайыз қазақтар тұратын жерде, міне, қазақ әкімдері де істеп жатыр. Бізге ешқандай кедергі жоқ. Конституцияның сегізінші тармағында жазып қойған, бізде ұлтқа қарамайды", — деп әңгімеледі Серікбай Үсенов. 

Осылайша, оның айтуынша, Өзбекстанда қазақтардың жағдайы жақсы. Сондықтан  аға буын атажұртқа асықпайды, ал жастардың ынтасы бар. 

"Жағдайымыз жақсы, сондықтан Қазақстанға келуге асықпаймыз. Жасым алпыс екіде, бұл жақта таныс тауып, бауыр тапқанша, қанша өміріміз қалғанын білмейміз. Екі ұлым осында болса, қызым Алматыда тұрып жатыр. Біздің асығатын жеріміз жоқ, немерелеріміз ертең келуі мүмкін. Оқимын деген жастар барып жатыр", — дейді ол. 

Оралмандар - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Президент елге оралмақ қандастарды əрі-бері сабылтпауды тапсырды

Жыл сайын жүзден астам жас Қазақстанға оқуға келеді екен. "Биыл 200-300-ге жететін шығар" дейді орталық төрағасы. Жақында Қазақстанның 51 университетінің өкілі көрші елге барып, үлкен көрме өткізіп, әр оқу орнын таныстырған. Әрі кеше құрылтайдың салтанатты ашылу жиынында Елбасы шеттегі қандастарымыз үшін бөлінетін квотаны екі есе арттыруды тапсырды. 

Сондай-ақ, Серікбай Үсеновтың сөзінше, Өзбекстан қазақтары үшін тіл мәселесі жоқ. Көрші елдегі қандастарымыз туған елден жырақта жүрсе де, ана тілін біледі. 

"Өзбекстанда 396 қазақ мектебі бар. Төрт университетте жеті тілде ұлттар оқиды. Мәселен, Қарақалпақстанда 350 мың қазақ болса, сол жердегі институттарда қазақ тілінде факультеттер бар. Балаларымыз қиналмастан жоғары оқу орындарын бітіріп жүр. Ташкенттің өзінде Низами атындағы педагогикалық университетте мектептерге қазақ тілді мұғалімдер дайындаймыз. Сол сияқты Сырдария облысы Гүлстан қаласында қазақша оқуға мүмкіндік бар. Қазақтар қазақ тілін де, өзбекшені де, орысшаны да білеміз. Балаларға балабақшадан ағылшын тілін де үйретіп жатырмыз", — дейді ол. 

қазақтар - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Президент: әлемдегі қазақтардың сөйлескенде тілі бір болса, оқығанда үш түрлі

Серікбай Назарұлы көрші елдегі қазақтар өзбектеніп бара жатыр деген пікірмен келіспейтінін де айтты:

"Ондай нәрсеге көнбейді. Өзбекке өт десе, кім өтеді оған. Қазақтың қаны болса. Төлқұжатта Өзбекстан азаматы, ұлты қазақ деп жазып қояды. Анасы қазақ, әкесі өзбек болғанда, әкесі өзбек болғаннан кейін өзбек болып жазылады. Бірақ қазақ тілін де, өзбек тілін де біледі. Енді өзбек жігіті қазақ қызын жақсы көрсе, махаббат болса, кім оған жоқ дейді. Орыстан, өзбектен қыз алғандар да бар".  

Үш күн өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайына Өзбекстаннан 60 делегат келген екен. "Жақсы әсер алып бара жатырмыз" деп бөлісті Серікбай ағамыз. 

"Көзімізбен көріп, құлағымызбен естіп, кетіп бара жатырмыз. Мұның бәрін Өзбекстан еліне жеткіземіз. Астананың әлемдегі үлкен, гүлденген қалаға айналып жатқанын көрдік. Құрылтайда сөз болған Қазақстанның рухани жаңғыру бағдарламасын Өзбекстандағы елшімен бірге қазақтарға таныстырып, түсіндіріп, өзбек тіліне аударып беріп отырмыз. Басқа елде тұрсақ та, Атажұрттың жетістіктеріне әрқашан қуанамыз", — деп түйіндеді әңгімесін Өзбекстандағы қазақ ұлттық-мәдени орталығының төрағасы.

Айта кетсек, бүгінгі күні жырақта 5 миллион қазақ болса, оның  1 миллионнан астамы Өзбекстанда тұрып жатыр. Жалпы, тәуелсіздік жылдары бір миллион қандасымыз елге оралған. 


Жаңалықтар
0